03 нау, 2021 сағат 16:00

Қазақстанда кітап шығаратын кезде оқырман пікірі ескерілетін болады

Ендігі уақытта елімізде жарық көретін туындылар алдымен халықтың талқысына салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Бізде отандық жазушылардың туындыларын шығаруға арналған бағдарлама бар. Соған сәйкес биыл біздің министрліктің қолдауымен шығатын кітаптардың барлығы алдымен кітап палатасының сайтына жарияланады. Ол жерде әр оқырман жаңа туындымен таныса алады және оқып болған соң өзінің ой-пікірін қалдыру мүмкіндігі бар. Мұндағы мақсат – оқырманның пікірін елеп, сол арқылы жарық көретін кітаптардың саны мен сапасын арттыру», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов. 

Оның айтуынша, жаңа туындыны шығармас бұрын бұқараның талқысына салып, ойын тыңдаған абзал. 

«Кітаптың оқырманы - халық. Сондықтан жұрт қандай кітап шығып жатқанын, оның авторы кім екені білгені жөн. Яғни, министрлік көпшіліктің талқысынан түскен соң ғана жарыққа шығаратын кітаптардың тізімін жасақтап, іріктеу жасайды. Әрине бұл жерде оқырман пікірінен бөлек, сала мамандарынан құрылған арнайы комиссия жұмыс істейді. Дегенмен халықпен кеңесу - басты мақсатымыздың бірі болып отыр», - дейді ол.