Еліміздегі ойын-сауық орталықтарында кинотеатрлар мен балаларды ойнатуға арналған орындарды 3-қабаттан жоғары ашуға тыйым салынуы мүмкін. Мұндай ұсынысты ҚР ІІМ ТЖК білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комитеттің ұсынысы туралы бүгінгі брифингте Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бөлім бастығы Рамазан Бейсенғазинов хабарлады.
«Сауда орталықтарында кинотеатрлардың, балалардың демалуына арналған аумақтарға келетін болсақ. Бүгінгі күні бұл талаптардың бәрі де сәулет, құрылыс және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік нормативтермен реттеледі. Демек, сауда орталықтарындағы ондай аумақтардың бірінші немесе екінші қабатта орналасуы - жобалау сатысында (...) Кәсіпкер төртінші қабаттағы аумақты бірінші қабатқа ауыстыра алмауы мүмкін. Бұның бәрі жобалау сатысында шешіліп қояды. Бірақ, көршілес елдегі қайғылы жағдайды ескере отырып, біз сәулет, құрылыс және қала құрылысына жауапты органға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, жұмыс тобын құру туралы бастама, яғни ұсыныс білдіріп отырмыз», - дейді Рамазан Бейсенғазинов.
ТЖК өкілінің айтуынша, дәл сол ойын-сауық орталықтарында ережелерді қатайту бағыты ұсынылған. Комитет бұл ұсынысты құрылыс нормаларына енгізуге тырыспақ.
Осы ретте тілшілер ТЖК өкіліне «Демек, ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар мен балалар ойнайтын аумақты 3-4-ші қабаттан, 1-ші қабатқа ауыстыру туралы ұсыныс білдіріп жатырсыздар ма?» деген сұрақ қойды.
«Иә. Осы жайларды ескере отырып, біз жауапты орган ретінде осы ұсынысты білдіріп отырмыз. Аталған норма қазіргі күні білім беру мекемелерінде, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде бар. Мысалы, бастауыш сыныптарды үшінші қабаттан жоғары оқытуға тыйым салынған. Осы талаптардың ізінше жаңа қызметтік ғимараттарды жеке категорияға бөлінетін болады», - дейді ТЖК өкілі.