2021 жылдың 15 сәуірі мен 15 мамыры аралығында еліміздің 12 облысында кең ауқымды «Киік» табиғат қорғау акциясы өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Экология және геология министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.
Іс-шараның бастамашылары Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрліктері және Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Аталған ведомство басшылары «Киік» табиғатты қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды.
Акцияның мақсаты лактация кезеңінде киіктерді қорғауды күшейту, сондай-ақ ел аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады.
Бұйрық шеңберінде акцияны өткізу кезінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді.
«Акция барысында құқық қорғау органдарымен бірлесіп киік мүйіздерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және оларды елден тыс жерлерге шығару бойынша шаралар күшейтілетін болады», - делінген хабарламада.