Бүгін елордада донорлар мен меценаттардың қатысуымен «Қайырымды істер» марафоны басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы орайда бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның, донорлар, меценаттар мен волонтерлердің, ұйымдардың қатысуымен аталған жобаға қатысты іс-шара ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Қайырымды істер» марафоны бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.
Былтыр желтоқсан айында Волонтер жылының жабылу рәсімінде Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафоны ұйымдастырылатынын айтты.
«Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ, жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің пайымынша, бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама.