Snow Leopard Foundation халықаралық қорының басшысы Ержан Еркінбаев Қазақстанда 140-150 ілбіс бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қор басшысының айтуынша, ғалымдар мұндай тұжырым жасауға фототұзақтар мен генетикалық зерттеулердің нәтижесінде мүмкіндік алған.
«Бір ғана Алматы облысының өзінде ондаған фототұзақ құрылған. Оның бәріне күн сайын неше түрлі тау тағылары түсіп жатады. Соңғы рет ілбістің аналығы түсіп, оған төлқұжат рәсімдедік. Атын Дана деп қойып отырмыз. Елімізде 140-150 қар барысы бар деп отырмыз. Былай қарасаңыз, 150 деген аса бір көп сан емес. Сондықтан ел аумағындағы қар барысының әрқайсына төлқұжат жасап, ат қойсақ деген ойымыз бар. Ал фототұзақтар мен генетикалық зерттеулер арқылы жүргізілетін мониторинг нәтижелерін халықаралық ақпарат орталығына жинақтауды жоспарлап отырмыз. Әзірге ондай орталық құру идея ғана. Бүгінгі конференция барысында халықаралық ұйымдармен бірге оның нақты тетіктерін қарастырамыз», - дейді Ержан Еркінбаев.
Оның айтуынша ілбістер Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын ғана мекен етеді.
«Бұған дейін қар барысын қорғау үшін 12 мемлекет жеке-жеке әрекет етіп келді. Оның нәтижесі шамалы екенін уақыт көрсетіп отыр. Бүгінгі конференцияның мақсаты - күш біріктіріп, ілбіс популяциясын сақтауда бірлесіп әрекет ету. Бұл жерде трансшекаралық шаралардың маңызы зор. Фототұзақты көпшілік аң санын білу үшін ғана құрылады деп ойлауы мүмкін. Қазір фототұзақтар браконьерлерге де үлкен тосқауыл болып тұр. Өзі түспегеннің өзінде көлігі, жүрген іздері түсіп қалуы мүмкін. Ілбісті заңсыз аулайтындардың аяғын тарта қимылдауына бұл да өз септігін тигізіп отыр», - дейді халықаралық қор басшысы.
Оның айтуынша, Snow Leopard Foundation қоры осы форум аясында БҰҰ-ның UNDP ұйымымен маңызды келісімдер жасамақ.
«Неігзгі мақсаттарымыздың бірі - бұл қордың жұмысына БҰҰ-ның назарын аудару. Даму бағдарламасы арқылы Қазақстан аумағындағы ілбіс популяциясын зерттеу жұмыстарына қаржы бөлгізуге күш салып келеміз», - дейді Ержан Еркінбаев.
Ал БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстан бойынша жобалар менеджері Талғат Кертешев ел аумағындағы барыстар саны 180-200 бас арасында деген пікір айтты.
«Ілбістің нақты санын дөп басып айту әзірге мүмкін емес. Қар барысын және оның экожүйесін сақтау жөніндегі жаһандық бағдарлама хатшылығының мәліметі бойынша, Қазақстанда 180-200 шамасында қар барысы бар. Бұл ұйым ілбіс мекендейтін 12 елдің деректерін жинақтап, сараптап отырады. БҰҰ-ның қолдауымен ел аумағында 300-ге жуық фототұзақ құрмақшымыз. Соның көмегімен бұл санды нақтылай түсеміз», - дейді Талғат Кертешев.
Маманның айтуынша, қар барысын сақтау бойынша жан-жақты шаралар қабылданып жатқанымен, оны заңсыз аулау әлі де тыйылған жоқ.
«Бішкекте былтыр өткен көшпелі халықтар фестивалінде 6 киіз үйдің төрінде ілбіс терісі ілініп тұрды. Оның ішінде жаңасы да, ескісі де бар. Осыған қарап-ақ, браконьерлік әлі тыйылмағанын көруге болады»,- дейді БҰҰ өкілі.