19 сәу, 2021 сағат 11:42

Қазақстанда қандай жол ережелері жиі бұзылады?

ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Қазақстанда қандай жол ережелері жиі бұзылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол қауіпсіздігінің негізгі факторларының бірі – әдеттегідей жүргізушілердің жол жүру тәртібі болып қала береді. Жыл сайын біз 5,652 млн жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейміз», - деді Серік Түсіпов министрлікте өткен онлайн брифингіде. 

Спикердің айтуынша, жыл басынан бері 1,3 млн жол жүру ережесінің бұзылғаны анықталды. 

Оның ішінде: 437 мың жылдамдықты асыру фактісі, 289 мың белгілер мен таңбалар талаптарын бұзу, 68,6 мың жарық аспаптарын пайдалануды бұзу, 5 мың жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу және 19,5 мың аялдау және автотұрақ қағидаларын бұзу. 

Мас күйінде көлік айдаған 5,2 мың жүргізуші ұсталды. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 6 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды, 5,3 мың адам әкімшілік қамауға алынды.