09 нау, 2022 сағат 12:57

Қазақстанда интернет толықтай өшеді деген қауіп жоқ - вице-министр

Фото:elements.envato.com

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Ресей жаһандық желіден ажыратылса, Қазақстанда интернет нашарлауы мүмкін деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Ресейді жаһандық желіден ажыратса бұл бізге қалай әсер етеді, өйткені біздің интернет Ресей арқылы өтеді емес пе" - деп сұрады журналистер Мәжіліс отырысынан кейін.

Асхат Оразбек мұның қауесет екенін айтты.

"Бізге төнуі мүмкін деген қауіпті жан-жақты қарастырды. Бірақ Қазақстанда интернетке қатысты күрделі проблемалар болмайтынын түсіндік. Қазақстан интернетті тек Ресей арқылы алмайды. Яғни, Қазақстанда интернеттің толықтай жабылуы қауіп төндірмейді. Бұл үшін уайымдаудың қажеті жоқ", - деді Оразбек.

Сондай-ақ, алдағы уақытта байланыс нашарламайтыны айтылды. 

"Қытаймен қарым-қатынас бізге Еуропадан барлық трафикті алуға мүмкіндік береді", - деп қосты ол.