16 нау, 2021 сағат 11:40

Қазақстанда ғылымды дамытуға бөлінетін қаражат көлемі өседі

Ғылымға арналған шығындар 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін өседі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өткен жылы Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы жаңартылып, жұмысының жаңа қағидалары бекітілген болатын. Жобалардың экономикалық сараптамасы мен Ұлттық ғылыми кеңес балдарын саралау рәсімі, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама енгізілді. 2021 жылы алғаш рет ғылыми ұйымдарды жаңғыртуға 2,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл 22 ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік берді», - делінген министолік мәліметінде. 

Қысқа уақыт ішінде биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары өте маңызды жұмыс жүргізіп, бірден бес вакцинаны әзірлеп шықты. Олардың алғашқы екеуі клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатыр. Отандық вакциналар өндірісін іске қосу үшін GMP-нің барлық талабына сәйкес келетін зауыт салынып жатыр. 

«Ғылымды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Ғылымға арналған шығындар 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін өседі. Бұл қазақстандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді», - деп аталып өткен ведомство хабарламасында.