29 сәу, 2021 сағат 20:14

Қазақстанда ең кемі 10-12 млн адам вакцина алуы қажет - сарапшы


Қазақстанда кем дегенде 10-12 млн адамды вакциналау қажет. Бұл пікірді медицина ғылымдарының докторы, иммунолог, профессор, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрілік заттар мен медицина бұйымдарын сараптау орталығының сарапшысы Павел Дерябин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз әлі вакциналаудың бас жағында тұрмыз. Вакцинацияны жеделдету қажет, өйткені Қазақстан үшін екпе алған бір миллион адамның саны өте аз. Егер Израильдің тәжірибесін алсақ, онда қазір халықтың 65%-дан астамы егілді. Осындай жаппай вакцинацияны жүргізу арқылы олар шектеулерді алып жатыр. Ол жақта іс жүзінде Covid-тен адам қайтыс болып жатқан жоқ. Сондықтан да біз осындай көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Қазақстанда 18 миллион халықтың барын ескерсек, ең кемі 10-12 миллион адам инфекцияның таралуына жол бермейтін осы иммундық қабатты алу үшін екпе салдыруы тиіс. Ұжымдық иммунитет қалай қадағаланады? Ол тек бір нақты индикатормен – вакцина алғандардың санымен ғана басқарылады. Барлық басқа көрсеткіштер ұжымдық иммунитеттің мәнін көрсетпейді», - деді дәрігер онлайн дәрісте. 

Оның пікірінше, жаппай вакциналауды әсіресе үлкен қалаларда мүмкіндігінше тез жүргізу керек.

Сонымен бірге, зерттеуші вакцинадан бұрын және вакцинадан кейін коронавирусқа антиденелердің бар-жоғын зерттеу қажет еместігін айтты, өйткені иммунитет тек антиденелермен ғана қалыптаспайды. 

«Вакциналаудан кейін «жады жасушалары» пайда болады, олар белгілі бір антиденелер анықталмаса да, дененің вирустан қорғалуына ықпал етеді. Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы антиденелердің барлығында бірдей қорғаныс қасиеттері болмайды. Қорғауды вирустың жасушаларға енуін тежейтін антиденелер ғана қамтамасыз етеді, бұл «S ақуызы» деп аталатын антиденелер, соның арқасында вирус жасуша рецепторларына қосылады. Бұл антиген бірқатар вакциналар жасауда қолданылады және нақты вакциналаудан кейін пайда болатын антиденелер денені инфекциядан қорғайды», - дейді П. Дерябин.