Қазақстанда электромобильдерді қуаттау үшін автожолдардың бойында станцияларды орнатудың нормативі әзірленді.
Бұл туралы Мәжілісте тиісті заң жобасын таныстыру кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осында тиісті нормативтік-құқықтық актілер қарастырылған. Бұл тұрғыда автомобиль жолдарын салу кезінде электромобильдерді қуаттау бойынша станцияларды орнату ескерілген. Сондықтан осы нормалар бұл заң жобасында қарастырылып отыр», - деді А. Ержанов депутаттар сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол алғашқы станциялар Нұр-Сұлтан мен Алматыда орнатылып жатқанын айтты. Елорда мен Бурабай аралығындағы автожолда тиісті құрылғылар қойылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.
Құжат аясында ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты адамдарды енгізу ұсынылады, олар энергия менеджерлерінің рөлін атқармақ.