«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин мемлекеттік қызметтерді смартфондау мен цифрлық құжаттарды пайдалану үрдісі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен жылы қазақстандықтар eGov арқылы 50 млн-нан астам мемлекеттік қызмет алған және бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы электронды үкіметтің жұмысына жауап береді. 2022 жылы «ҰАТ» АҚ әзірлеушілері көптеген қызметтерді тұрғындардың ұялы телефондарына ауыстыруға ниетті.
«2022 жылы мемлекеттік қызметтерді смартфонға ауыстыруға баса көңіл бөлеміз. Мұны Президент те айтқан. Қазір ноутбук пен компьютер ұстау азайғанын бәріміз түсінеміз. Барлық тұрғындар ұялы қосымшаларды, телефондарды пайдаланады. Әсіресе қаржы секторын дамытудың арқасында аса танымал бола түсті», - деді Р. Коняшкин «Хабар 24» телеарнасындағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында.
Оның айтуынша, қазір смартфонның көмегімен 150 мың мемлекеттік қызмет қолжетімді. Мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде құжаттарды цифрландыру арқылы басқа қалаға немесе елге ұшар алдында қағаз паспорттың орнына электронды паспортты көрсетуге болады.
«Қазір цифрлық құжаттар арқылы ұшақпен де ұшуға болады, 2021 жылы оған еліміздің барлық әуежайларын қостық. Пойызда да, екінші деңгейлі банктерде де цирфлық құжатты көрсетуге болады. Жақында ғана нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, валюта айырбастау кезінде де цифрлық құжаттарды пайдалануға болады. Біз бұл тізімді әрдайым кеңейтіп отырамыз», - деп түсіндірді Ростислав Коняшкин.
EGovmobile әзірлеушілерінің айтуынша, қазірдің өзінде цифрлық құжаттарды 6,5 млн-нан астам тұрғын пайдаланады. 2019 жылғы ақпаннан бастап, қазақстандықтар цифрлық құжаттарды 32 млн рет, әуежайларда ұшу кезінде 20 мың рет пайдаланған.