15 мау, 2021 сағат 10:58

Қазақстанда ауа мен судың ластану мәселесі қалай шешіледі – Министр есебі


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешу шараларын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта өңірлердің негізгі экологиялық проблемалары: ауаның, жер үсті суларының ластануы және қалдықтармен жұмыс істеудің жетілмеген жүйесі болып отыр. 

«Атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистің ішінен 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Ластаушы заттардың шығарындыларының жалпы көлемі 2,5 миллион тоннаны құрады. Жерүсті суларының ластануының негізгі себептерінің бірі – ескірген кәрізтазарту нысандары. Былтыр республика бойынша ластаушы заттар төгінділерінің жалпы көлемі 1,1 миллион тоннаны құрады», - деді Мағзұм Мырзағалиев. 

Сонымен бірге, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу проблемасы да шешілмей тұр. Атап айтқанда қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және апатты үйінділер бар. 

Министрлік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе, барлық өңірлердегі эко-белсенділермен талқылап, шешу жолдарын қарастырған. 

«Жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп 17 жол картасы әзірленді. Барлығы 485 шара қарастырылған. 2021 жылы 95 шара өткізу жоспарланған. Биылғы бірінші тоқсанда жалпы 70 шара көзделген болатын. Оның ішінде 42 шара орындалып, 28-і орындалмаған. 

2025 жылға қарай Жол карталарын іске асыру 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғарыдан орташа деңгейге төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл атмосфералық ауаның жай-күйін жақсартуға ықпал етеді. Одан басқа, 7 кәрізтазарту нысандары мен 24 жаңа полигон салынады. 12 кәрізтазарту нысандары қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіру және жою жұмыстары жүргізіледі», - деп түсіндірді Экология министрі.