19 қаз, 2020 сағат 17:58

Қазақстанда «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері қайта оқытылады

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «А» корпусының мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау курстары басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Курсты Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университеті ұйымдастырып отыр. 

Бағдарламаға мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешім қабылдау жүйесі тәсілдерін және басқа да бірқатар басым мәселелерді өзгерту бойынша алдына маңызды міндеттер қойылған тәжірибелі, қалыптасқан ірі құрылымдардың басшылары қатысуда.

Агенттік төрағасы Анар Жайылғанованың айтуынша, аталған курс ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қоғам қажеттіліктеріне бағытталған заманауи мемлекеттік аппарат талаптарына жауап беретін басшыларды даярлау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында жүргізіліп жатыр. 

«Стратегиялық көшбасшылық, өзгерістерді басқару және тиімді коммуникациялар сынды құзыреттер Президент Қ.К. Тоқаевтың Жолдауында қойылған міндеттерді жедел және сапалы шешу үшін маңызды. Әсіресе, экономикалық өсу қарқынын қалпына келтіру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту қажеттігі мен мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру жағдайында өте өзекті. Мемлекеттік басқару мен қоғамдық дамудағы жүйелі өзгерістердің заманауи трендтері мен жоғары қарқыны елдің стратегиялық міндеттерін тиімді шешу үшін инновациялық және инклюзивті ойлау қабілеті бар басшылардың жаңа буынын қалыптастыруды талап етеді», - дейді Анар Жайылғанова.