18 сәу, 2021 сағат 13:49

Қазақстанда 7 мамырға арналған мерекелік шаралар қалай өтеді?

Қазақстанда да Жеңіс күніне арналған шеру болмайды. Ал Отан қорғаушылар күніне арналған шаралардың басым бөлігі онлайн форматта өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі, полковник Виталий Адамович мерекеге орай қалалар мен өңірлерде шағын шерулер ұйымдастырыла ма деген сұраққа жауап берді. 

«Әрине, Қарулы Күштер ардагерлеріне құрмет көрсету санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, еліміздің барлық өңірлерінде өтеді. Яғни, іс-шаралар негізінен онлайн форматта өтеді. Оған қоса біздің «Жас сарбаз» қозғалысы бірқатар шаралар жоспарлап отыр. Жас патриоттар да Қарулы Күштердің ардагерлерін құттықтайды. Әр өңірдің эпидемиологиялық жағдайы (қызыл, сары, жасыл аймақтар) мүмкіндік берсе, тиісті салтанатты жиналыстар өткізіліп, ардагерлер әскери бөлімдерге шақырылады, онда қызмет ету тәжірибесі туралы айтады. Негізгі ұйымдастырылатын іс-шаралар осы», - деді Виталий Адамович ведомствоның онлайн-брифингінде.

Спикер мерекелік іс-шаралар әлеуметтік желілерден көрсетіле ме және оларды қазақстандықтар көре ала ма деген сұраққа да жауап берді.

«7 мамыр және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні – барлық қазақстандықтар үшін айтулы күндер. Әрине, біз республикалық телеарналарда да, Қорғаныс министрлігінің Youtube-арнасында да, «Жас сарбаз» қозғалысының Youtube-арнасында және басқа да әлеуметтік желілерде бірқатар көрсетілім жоспарладық. Біз Қарулы Күштердің ардагерлері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету үшін өткізілетін барлық шараларды көрсетуге тырысамыз», - деп атап өтті Адамович.

Сонымен бірге, қазақстандықтар 7 мамырда сағат 15.30-да «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін мерекелік бағдарламаны тамашалай алады.