Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева 13 наурыздан бастап 18 маусымға дейін Қазақстанда 1,2 миллионнан астам адам ПТР-тесттен өткенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдың наурыз айынан бастап коронавирус инфекциясы бойынша 1 271 471 зертханалық зерттеу жүргізілді. Яғни осынша адам ПТР-тесттен өтті. Бұл – адам ағзасындағы вирустың фрагменттерін анықтауға мүмкіндік беретін молекулярлы биологиялық әдіс. 13 наурыздан бастап 18 маусымға дейін бір миллионан астам адамнан тест алынғанын атап өттім. Эпидемияның даму деңгейіне қарай зертхананың қуаттылығы мен тесттер саны ұлғайтылды», - деді Ләззат Ақтаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, сәуір айының алғашқы жартысында тәулігіне 5 мың адам, екінші жартысында тәулігіне 14 мың адам ПТР- тесттен өткен. Қазіргі уақытта зертханалық зерттеу қуаттылығы – тәулігіне 28 мың ПТР -тесттен өту көрсеткішіне жеткен.
«Зертхананың саны 56-ға жетті. Оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметте 25 зертхана болса, жеке медициналық зертханалардың саны 13, медициналық ұйымдардың зертханаларының саны – 14», - деді ол. Ләззат Ақтаева зертханаларда тест-жүйелері жеткілікті екенін айтып өтті.
«Қазіргі таңда тест-жүйелерінің қалдығы – 501 мың. Оның ішінде мемлекеттік зертханаларда 300 мыңнан асады. Бұл – 18 күндік қор. Қосымша зертханалардың қуаттылығын тәулігіне 35 мыңға дейін жеткізу көзделген. Ол үшін үкіметтік резерв есебінен тиісті тиісті жабдықтар сатылып алынады. 1,2 млн тест-жүйесі сатылып алынады», - деді ол.