Жаздың соңғы айы қазақстандықтар үшін оқиғаға бай бола қоймайды. Алайда бірқатар жаңашылдық күшіне енеді, деп жазады Sputnik.
Ұлттық банк банктер активінің сапасын бағалай бастады
Ұлттық банк 1 тамыздан бастап елдің банк секторы активінің сапасын бағалай бастайды.
Осының арқасында негізгі банктердің қаржылық ахуалы туралы ақпарат қолжетімді бола түседі. Яғни барша банк жүйесінің ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Ұлттық банк мұндай қадам инвесторлар мен салымшылардың сенімін арттырады дегенді алға тартып отыр.
Дәрігерлердің қызметіне қатысты жаңашылдық
2019 жылдың 1 тамызында сертификатының мерзімі өткен дәрігерлер үшін денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат жүйесі автоматты түрде бұғатталады. Бұл - дәрігер жұмыстан шеттетіледі дегенді білдіреді.
Маусым айында денсаулық сақтау министрлігі бес өңірде жалған сертификатпен жұмыс істеп жүрген 28 медициналық қызметкер ұсталғанын хабарлаған болатын.
Арысты қалпына келтіру
1 тамызда Арыс қаласында үйлерді жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс.
Ал толықтай қираған үйлерді жаңадан салу ісі 15 тамызға дейін жалғасады.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 24 маусымында таңғы сағат тоғыз шамасында Түркістан облысының Арыс қаласында жойқын жарылыс болды. Төтенше жағдай №44856 әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында болған. Қала тұрғындары шұғыл түрде көрші аудандар мен Шымкент қаласына жеткізілді.
Төтенше оқиға салдарынан үш адам қаза болды, екеуі – әскери қызметкер. Қаланы минасыздандыру жұмысы жүргізілді. 28 маусым күні тұрғындар үйлеріне орала бастады.
Сирия бойынша келіссөздер
Тамыздың алғашқы күнінде елордада Астана процесі аясында Сириядағы қақтығысқа байланысты 13-ші жоғары деңгейдегі халықаралық кездесу өтеді.
Кездесуге БҰҰ жанындағы САР тұрақты өкілі Башар аль-Джаафари бастаған Сирияның үкіметтік делегациясы мен Ахмад аль-Тоума бастаған қарулы оппозиция өкілдері қатысады.
Ресей делегациясын Сирия жөніндегі президенттің арнайы өкілі Александр Лаврентьев бастайды. Түркия тарапынан елдің сыртқы саяси ведомствосы басшысының орынбасары Седат Онал келеді.
Ираннан сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі аға көмекшісі Али Асгар Хаджи бастаған делегация болады.