ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан жолдарындағы Bus lane жолақтарының қалай жұмыс істейтінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейбір көшелерде біз арнайы режимге көштік, онда тек кептеліс уақытында автобус жолақтары ретінде жұмыс істейді, ал қалған уақытта – барлық көлікке қолжетімді болады. Яғни, бұл шетелдік озық тәжірибе, Bus lane жолағына автобустар үшін 7:00-ден 10:00-ге дейін және 17:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді деп жазылады. Мұндай шешім Нұр-Сұлтан қаласында және басқа да облыс орталықтарында қабылданды», - деді Е. Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері полиция 2,5 млн-нан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайын анықтаған.
«Жол қауіпсіздігінің деңгейі жүргізуші тәртібіне, автожолдардың сапасына және көлік жағдайына тікелей байланысты. Жыл басынан бері полиция 2,5 млн-нан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтады, олардың негізгі бөлігі – жылдамдықты арттыру», - деді Ерлан Тұрғымбаев.