07 мау, 2021 сағат 23:40

Қазақстан жастарының 60% астамы жаңалықты әлеуметтік желілерден біледі – Ақпарат министрі


Қазақстан жастарының 60% астамы жаңалықтар мен оқиғаларды әлеуметтік желілер мен блогтардан біледі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр жыл сайын «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын әзірлейтіндерін атап өтті. Онда түрлі саладағы жастардың жағдайына талдау, жастар саясаты саласындағы зерттеулер қорытындысы және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына арналған ұсыныстар қамтылады. 

«Интернеттің кеңінен таралуы ақпараттың баламалы арналарының дамуына ықпал етеді. Бір қызығы бұл жағынан әлеуметтік желілер мен блогтар қатты танымал: жастардың 60%-тен астамы Қазақстандағы жаңалықтар мен оқиғалар жайлы содан біледі екен. 33,3%-і қазақстандық интернет ресурстарды, 39,1% - қазақстандық республикалық арналарды, 11,3 % - өңірлік каналдарды қарайды. Осылайша, елдегі оқиғалардан хабардар болып отырады, ақпараттық кеңістікте интернеттің, әсіресе әлеуметтік желілер мен блогтардың маңызы зор», - деді министр «Sputnik Қазақстан» порталындағы сұхбатында. 

Сонымен бірге Ақпарат министрі жастардың ресми дереккөздерден маңызды әрі дұрыс ақпарат алуы үшін қандай шаралар атқарылғанын айтып берді. 

«Бұл біз үшін өте өзекті мәселе және ол жастарға ғана емес, барша халыққа қатысты. Өткен жылы жаздың соңында ресми ақпаратты жеткізуге бағытталған үш жобаны іске қостық: жалған ақпаратты ресми түрде жедел жоққа шығару, мемлекеттік бағдарламалар туралы мәлімет беру және мемлекеттің қоғамның әлжуаз топтарына, жастарға көрсететін қолдауы мен жеңілдіктерін, мемлекеттік саясатты түсіндіру», - дейді ведомство басшысы. 

Бірінші мәселе бойынша stopfake.kz сайты ашылды, оның көмегімен ресми органдар 1300-ден астам фейкті теріске шығарды. 

Екінші бағыт бойынша – gosprogram.kz мемлекеттік бағдарламалар порталы іске қосылған. Онда барлық мемлекеттік бағдарламаның мәні қысқа әрі нұсқа, инфографика түрінде түсіндіріліп, оған қатысу, кредит алу, мемлекеттік бағдарлама аясында оқу шарттары жайлы графикалық, мәтіндік, аудио және видеонұсқаулықтар да ұсынылады. 

Мемлекеттік және жергілікті ақпараттық органдардың жұмысы туралы ресми ақпаратты, Президент жолдауын, ресми мәлімдемелер мен баспасөз хабарламаларын түсіндіру үшін gossmi.kz – Мемлекеттік БАҚ порталы жұмыс істейді. 

«Алайда бұл – ресми ақпарат алуға болатын ақпараттық ресурстар ғана, мұнда әлеуметтік желілерде отыру факторы да өте қажет. Бүгінде көптеген ведомство мен олардың бірінші басшыларында, тіпті мемлекет басшысында әлеуметтік желілерде белсенді парақшалары бар. Соның арқасында халық ресми ақпаратты бірінші басшының өз аузынан естиді, анонимді пабликтер мен басқа да күмәнді дереккөздерге еріп кетпейді. Бұл тұрғыда бірінші басшылардың қарапайым халыққа ашық болуы өте маңызды және саяси истеблишменттің жаңа буынын тәрбиелеуге өздері үлгі етіп көрсетуі керек», - дейді Аида Балаева.