Қазақстан қазіргі уақытта үшінші модернизация жағдайында тұр.
Еліміздегі модернизация мен жүйелі реформаларды жүргізу мәселелері бойынша талдау және зерттеу жұмыстарын таныстыру кезінде бұл жайлы Зерттеулер және консалтинг (CRC) орталығының сарапшысы Әнуар Боранбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз қазіргі таңда үшінші модернизация жағдайында тұрмыз. Неліктен үшінші модернизация? Тәуелсіз Қазақстанның тарихын сараптайтын болсақ, ауқымды екі кезеңді қарастыруға болады. Алғашқысы – тоқсаныншы жылдар немесе алғашқы модернизация кезеңі. Ол кездегі басты мақсат – егемендікті сақтап, Қазақстанды әлемнің картасында бекітіп алу еді. Қалай дегенмен кез келген өзгерістің өзіндік қаражат көзі болуы керек. Сол кезеңдегі негізгі драйвер – жекешелендіру болды», - деді Әнуар Боранбаев.
Сарапшы тоқсаныншы жылдардан бастап еркіндік уақытымен бірге ең жылдам құрылымдық реформалардың жүзеге асырылғанын жеткізді.
«1998 жылғы азиялық дағдарыстан кейін екі мыңыншы жылдарға аяқ бастық. Көмірсутектердің бағасы сол уақытта қымбаттап, мемлекет аяғынан нық тұрды. Мемлекетте ресурстар пайда болып, модернизацияның екінші кезеңіне аяқ бастық. Ол кезеңде елдің дамуына басымдық бердік, оның негізгі драйвері ретінде табиғи ресурстарды айтуға болады. Экономиканың сол кездегі жылдық орташа өсімі айтарлықтай жоғары болды да, дамуы орташа деңгейдегі мемлекеттердің қатарына оңай ендік», - деді Әнуар Боранбаев.
Әйтсе де спикердің айтуынша, сол кезде таңдалып алынған модель өз жемісін толығымен беріп, ендігі кезекте ары қарай не болады деген сұрақ туындап отыр.
«Естеріңізде болса екі мыңыншы жылдардың басында-ақ бүгінгі сұрақтарға жауап ізделе бастаған еді. Мемлекеттік құжаттардың көбі білім экономикасын құруға талпынғанымызды дәлелдей түседі. Ол мақсатпен жүрсек, табиғи ресурстардан бұрын креативті білім мен адамдардың ақылы негізгі құндылыққа ие болады. Мұндай жағдайда адами капиталы – басты драйверге айналуы керек», - деп түйді Әнуар Боранбаев.