Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сириядағы шиеленістің өрши түсуіне байланысты өзінің алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының кез келген қолдануын аморальды, адамгершілікке жат және адамшылық қағидаттарына қайшы әрекет ретінде үзілді-кесілді айыптайды. Бұл факті бойынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін БҰҰ аясында халықаралық жан-жақты объективті және әділ тергеу жүргізуді қағидатты түрде маңызды деп санаймыз», - делінген ҚР СІМ ақпаратында.
Қақтығыстың одан әрі өршуі және тараптар ұстанымдарының қатаңдануы халықаралық қоғамдастықтың террористік қауіпке қарсы күрес бойынша бұрын қол жеткізген барлық, оның ішінде Женева және Астана процестері шеңберіндегі уағдаластықтарға қауіп төндіреді және Сирия жерінде барлығын қамтитын бейбітшілік пен келісімге жету перспективасын алыстатады.
«Сирия Араб Республикасының Үкіметі мен қарулы оппозициялық топтар арасында 2016 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енген соғыс әрекеттерін доғару режімін сақтаудың және нығайтудың маңыздылығын атап өтеміз. Астана процесінің кепілдік беруші елдерін шиеленістің одан әрі өршуінің алдын алу үшін өздерінің бар күш-жігерлерін жұмсауға шақырамыз», - деп мәлімдеді Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы.
Қазақстан сирияаралық қақтығысты тек бейбіт жолмен, диалог және татуласу арқылы шешу мүмкін деген ұстанымына берік және барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Астана процесі аясында Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасында татуласуды сақтау бойынша тікелей келіссөздерді жалғастыруға шақырды.
Бұған дейін Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде Сирияның әскери базасына жасаған АҚШ-тың авиасоққысынан кейінгі халықаралық жағдайға пікір білдірді.
«АҚШ-тың Сирияға қарсы авиасоққысы аталмыш елдегі соғысты тоқтату туралы келіссөздер өткізудің болашағын бұлыңғыр етеді. Халықаралық шиеленістің жаңа толқыны», - деп атап өтті Тоқаев.
Еске сала кетейік, АҚШ-тың қарулы күштері Сирияның Хомс провинциясының аумағында орналасқан үкіметтік әскердің әскери базасына 59 зымыран жіберді. Зымыранды шабуыл Сирияның Идлиб провинциясына жасалмақшы болған химиялық шабуылдың жауабы болып табылады.