05 мам, 2020 сағат 17:23

Қазақстан өзге елдердің тәжірибесін зерттеп, сапалы заң жобасын әзірлей алады - Нидерланды елшісі

Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Андрей Карстенс ҚР Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заң жобасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл заң жобасы өте маңызды, себебі еркіндік - қоғамның басты негізі, халықтың өз пікірін білдіруге, жиналуға, жиын ұйымдастыруға құқығы бар. Соңғы уақытта Қазақстан бұл мәселелермен белсенді айналысып келеді. Қазақстан Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бастамасын көтергені қуантады. Парламенттен бастап, бұл процеске көптеген адамдар атсалысатыны белгілі», - деді елші ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде. 

Дипломаттың айтуынша, заң жобасы бойынша қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де пікір білдіре алды. 

«Митингке қатысты мәселе өте өзекті. Барлық елдер осы жолдан өткен. Өзге елдердің тәжірибесін зерттеп, қандай мәселе туындағанын, қандай қателіктер болғанын ескеруге мүмкіндік бар. Әзірге бұл процесс өте жақсы, қарқында жүріп жатыр. Қазақстанның жақсы сапалы заң жобасын әзірлей алатынына сенемін. Барлығы тәжірибеге, орталық және жергілікті органдардың жұмысына байланысты», - деді А. Карстенс.