10 сәу, 2017 сағат 12:12

Қазақстан ОПЕК алдындағы өз міндеттемесін орындайды

Қазақстан Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) алдындағы өзінің мұнай өндіру көлемін қысқарту міндеттемесін орындайды.  Бұл туралы  бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетсек,  Қазақстан  ОПЕК-ке ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мұнай өндіру көлемін 2016 жылдың қарашасында тіркелген тәулігіне 1,7 млн. баррельден күнінен 20 мың баррель кем өндіруге уәде берген еді.

Қазақстан міндеттемені жарты жылға алып отыр. Олар  бізге  алты ай бойы 1,7 миллионнан (тәулігіне) 20 мың баррель қысқартып отыруымыз қажет дейді. Қаңтарда, немесе ақпан мен наурызда қанша көлемді қысқартуымыз қажетті туралы әдістеме жоқ. Сөз орташа есеппен 6 айдың ішіндегі көлем жайында  болып отыр. Біз оны ұстанамыз деген ойдамыз», - деді Бозымбаев.

Айта кетерлігі, осы жылдың наурыз айының басында Энергетика министрі Қазақстанның мұнай экспорттаушы елдер ұйымы алдындағы міндеттемесін орындап отырғандығын айтқан болатын.

Ал сол айдың соңғы күндерінде тағы да БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере келе Бозымбаев еліміз мұнай өндіру көлемін қасқарпайтынын, біз тек арттыра алатынымызды жеткізген еді.

Есте болса,  өткен жылы картель мүшелері өндіріс көлемін тәулігіне 1 млн 200 мың баррельге қысқартуға келіскен болатын. Ал ОПЕК елдеріне кірмейтін Қазақстан сияқты елдер мұнай өндіруді тәулігіне барлығы 558 мың баррельге қысқартуға келісті. Оның негізгі салмағын Ресей өзіне алды. Ол өндірісті тәулігіне 300 мың баррельге азайтатын болды. Әзербайжан 35 мыңға, Мексика 100 мыңға қысқартуға келісті.