Бүгін Астанада Қазақстан Республикасында Ми-8АМТ (Ми-171) тікұшағын құрастырудың ірі торабын құру туралы келісімшарт жасалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан және Ресей президенттерінің арасында бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, құжатқа ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мен «Ростех» Мемлекеттік корпорациясының «Вертолеты России» АҚ қол қойды.
Тікұшақтар «№405 Авиа жөндеу зауыты» АҚ өндіріс алаңдарында құрастырылып, тапсырыс берушінің талаптарына қарай бейімделеді. Кәсіпорын Ми-8/17/171 типіндегі тікұшақтарды жөндеу, жаңғырту және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қазақстандық және халықаралық органдардың сертификатын алған.
Бүгінде мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық әуе компаниялары республикадағы Ми-8АМТ(Ми-171) тікұшақтарына негізгі тапсырыс берушілер болып отыр.
ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қазақстанда алғаш рет ауыр тікұшақтарды құрастыру технологиясы енгізілмек, ал құрастыру өндірісі алғаш рет бюджеттік инвестицияларсыз ұйымдастырылды. Тікұшақ құрастыру өндірісінің қолға алынуы еліміздің қорғаныс-өнеркәсіптік кешенін, азаматтық тікұшақ индустриясын, оқу-жаттығу базаларын дамытуға серпін береді.
Айта кетерлігі, Ми-8АМТ(Ми-171) тікұшағын М.Л.Миль атындағы Мәскеу тікұшақ зауыты жасаған. Оны жолаушы тасымалына да, 4 тоннаға дейінгі жүктерді тасымалдауға да, іздеу-құтқару жұмыстары және өрт сөндіруге де пайдалануға болады.
Қазіргі кезде Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Африка, Еуропа, Латын Америкасы, ТМД елдерінде осы марканың түрлі модификациядағы 1 мыңнан астам тікұшағы пайдаланылады.