30 қыр, 2020 сағат 14:53

Қазақстан мен Үндістан уран жеткізудің жаңа келісімшартын жасасады

Бүгін ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев бейнеконференция байланысы режимінде Үндістан Республикасы Атом энергетикасы комиссиясының төрағасы Шри Камлеш-Нилкантх Вяспен екіжақты келіссөздер өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР ЭМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан тарапынан келіссөздерге ҚР Энергетика министрлігінің және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өкілдері, үнді тарапынан Үндістанның Атом энергетикасы департаментінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы республикалар арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері мен перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, қазақстандық табиғи уранды Үндістанға жеткізу мәселелері қозғалды.

Тараптар елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында жасалған бұған дейінгі келісімшарттардың сәтті аяқталғанын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық уранды жеткізуге арналған жаңа келісімшарт бойынша уағдаластықтарға осы жылдың соңына дейін қол жеткіземіз деп келісті.