29 сәу, 2021 сағат 20:27

Қазақстан мен Украинаның білім академиялары меморандумға қол қойды


2021 жылдың 29 сәуірінде Нұр-Сұлтан және Киев қалаларында онлайн режимде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Украина Ұлттық педагогика ғылымдары академиясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған құжатта тараптар ғылыми-педагогикалық потенциалды арттыру, білім беру жүйесіне заманауи педагогикалық және психологиялық технологияларды енгізу, мәдениетаралық тәрбие, салыстырмалы педагогика проблемаларын зерттеу, білім берудегі ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сараптау тағы басқа өзекті мәселелер қарастырылған. 

Құжатқа Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Ғани Бектайұлы Бейсембаев пен Украина ҰПҒ Академиясының президенті Василь Григорович Кремень қол қойды.

Жиын барысында Украина ҰПҒ Академиясының президенті В.Г. Кремень «қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу – білім беруді интернационалдау ісінде үлкен стратегиялық қадам» деп бағалады. 

Бұл ретте Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы үлесін ерекше атап өтті.

Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА және Украина ҰПҒ Академиясының президенттері Ғ. Бейсембаев, В.Г. Кремень алдағы уақытта өзара ынтымақтастықтың нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Аталған маңызды іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30, ағартушы - ұстаз Ы. Алтынсариннің 180 және Ұлттық білім академиясының 100 жылдық мерейтойлары аясында өткізілді.