04 нау, 2021 сағат 14:00

Қазақстан мен Тәжікстан арасында әуе қатынасы қайта жанданады

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы әуе рейстері қайта ашылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан аумағында коронавирустың пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2 наурыздағы шешіміне сәйкес, Алматы-Душанбе-Алматы бағытында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тұрақты рейстерді қайта ашуға рұқсат етілді. 

Тәжікстанда Covid-19 инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі індетке қарсы іс-шараларды күшейту жөніндегі республикалық штабтың шешіміне байланысты бастапқы кезеңде әр тараптан аптасына 1 рейстен ғана орындалады. 

14 наурыздан бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Алматы мен Душанбе қалалары арасында аптасына 1 рет (жексенбі күндері) тұрақты рейс орындауды жоспарлап отыр.

Ал Тәжікстан жағынан Алматы мен Душанбе қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын 18 наурыздан «Somon Air» әуе компаниясы аптасына 1 рейспен (бейсенбі күндері) қайта бастайды деп жоспарланып отыр. 

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.