30 қаз, 2020 сағат 13:25

Қазақстан мен Румыния сауда-инвестициялық әлеуетін ашу үшін жаңа қадам жасады

Қазақстан-Румыния сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы тарихында алғаш рет отырыс видеоконференция форматында өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстанның Румыниядағы елшілігінің мәліметінше, отырыста Қазақстан тарапынан үкіметаралық комиссияға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, ал Румыния тарапынан сол елдің Энергетика және іскерлік орта министрі Вирджил-Даниэль Попеску төрағалық етті. 

Келіссөз қорытындысында үкіметаралық комиссияның 15-отырысының хаттамасына қол қойылды. Құжаттың рәсімделуіне өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері бойынша белсенді түрде жүргізілген келіссөздер сеп болды. 

Атап айтқанда, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, көлік және фармацевтика сынды басым бағыттарды жандару уағдаластығына қол жеткізілді. 

Бұған қоса, сауда байланыстарын және өзара инвестиция тартуды белсенді түрде кеңейтудің айрықша маңыздылығы аталып өтілді.