19 нау, 2021 сағат 19:08

Қазақстан мен Ресей Ирикла су қоймасы бойынша жұмыс режимін келісті

Орынбор қаласында Ирикла су қоймасының жұмыс режімін реттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы аясында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов және Федералдық су ресурстары агенттігінің басшысының орынбасары Вадим Никаноров арасында екіжақты кездесу өтті.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Telegram каналында хабарланды. 

Кездесу барысында тараптар Жайық өзені бассейніндегі жағдай мен гидрологиялық болжамды ескере отырып, Ирикла су қоймасының жоспарланған жұмыс кестесін талқылады.

Жайық өзенінің ағынын жедел бақылауды қамтамасыз ету мақсатында тараптар Ирикла, Ақтөбе және Қарғала су қоймаларының жұмыс режимдері туралы мәліметтермен күнделікті алмасып отыруға келісті.

Сонымен қатар, тараптар 2020 жылғы қазан айында Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының 28-ші отырысында бекітілген Жайық, Ертіс және басқа өзендердің бассейндерінде зерттеулер жүргізу бойынша бірыңғай жол картасының іс-шараларын жүзеге асыру барысын талқылады. 

Талқылау нәтижесінде алдын-ала зерттеу деректерімен алмасу және Бірыңғай жол картасының шараларын іске асыру бойынша, одан әрі жұмыстарды анықтау үшін тараптардың сарапшыларының кездесуін жақын арада өткізу туралы шешім қабылданды.