ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті «ИрАэро» әуе компаниясына Қазақстан Республикасында аккредиттеу туралы куәлігін берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитетке сілтеме жасап.
Ресейдің «ИрАэро» әуе компаниясы Қазақстан мен Ресей арасында бірқатар бағыттарды ашуды жоспарлап отыр. «Азаматтық авиация комитеті Қазақстан Республикасының аймақтарын мен Ресей Федерациясымен әуе қатынасы арқылы байланыстыру жұмысын жалғастырады. Көктемгі-жазғы навигация кезеңінде «ИрАэро» келесі бағыттар бойынша тұрақты әуе тасымалын орындауды жоспарлап отыр: Жуковский - Қарағанды - Жуковский аптасына 7 рет; Жуковский - Көкшетау - Жуковский аптасына 2 рет; Жуковский - Петропавл - Жуковский аптасына 2 рет ұшырылады», - делінген комитет хабарламасында.
Рейстер RRJ (Sukhoi SuperJet-100) әуе кемелерімен ұшырылады. Комитеттің мәлімдеуінше, Қазақстанның барлық халықаралық рейстерінің 1/3 бөлігі Ресеймен байланысады.
Айта кетейік, «ИрАэро» авиакомпаниясы 1999 жылы құрылған. Негізгі қызмет түрі - Қиыр Шығыстың және Ресейдің солтүстік-шығыс облыстарының әуе тасымалын қамтамасыз ету болды. 2006 жылдан бастап «ИрАэро» жолаушылар тасымалымен айналысады және қазіргі уақытта аймақтағы ең ірі тасымалдаушы болып саналады.