Елімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті жұмыс істейтіні белгілі. Аталған оқу орны көптеген елдермен байланыс орнатып, әскери мамандар даярлауда мол тәжірибе алмасуға күш-жігер жұмсайды. Мәселен, дәл осы оқу орнының ішінен «Пәкістанның әскери өнері» аудиториясы ашылды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Бұл кабинет Пәкістан Ислам Республикасымен әскери білім беру және кадрлар даярлау саласындағы әскери ынтымақтастық шеңберінде ашылып отыр. Ал аудиторияның ашылу салтанатына ҚР ҚК Бас штабы мен Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы, сондай-ақ Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкістан Ислам Республикасы Қарулы Күштері Штабтар бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Надим Раза қатысты.
«Мен Ұлттық қорғаныс университетінің оқу-материалдық базасымен және ғылыми-зерттеу қызметімен таныстым. Базасы мықты университеттің болашағы да мықты болатынына сенемін. Екі елдің ынтымақтастығының белгісі ретінде, ашылған аудиторияның білім аламын деген жастарға сапалы қызмет ететініне де сенім білдіргім келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінен ашылған аудитория Пәкістан Ислам Республикасымен әскери білім беру және кадрлар даярлау саласындағы әскери ынтымақтастық шеңберінде ашылғанын сүйіншілей хабарлаймын», - деді әкістан Ислам Республикасы Қарулы Күштері Штабтар бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Надим Раза.
Ал Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары полковник Амангелді Тоғысовтың айтуынша, аудитория заманауи оқу құралдарымен жабдықталған. Оқу процесін ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауға, сондай-ақ оның сапасы мен творчестволық қабілетін арттыруға ықпал етуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, университет бастының орынбасары оқу орнының халықаралық серіктестік туралы да сөз етті.
«Университет міндеттерінің маңызды бағыттарының бірі – халықаралық серіктестік орнату. Ұлттық қорғаныс университетінің ғалымдары Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Америка Құрама Штаттары ғалымдарымен бірлесіп мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарларға қатысса, қазіргі уақытта ғылыми-техникалық ынтымақтастық аясында бірлескен перспективалық ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Оқу орнының құрылған күнінен бастап ТМД елдерінде де, алыс шетелдерде де абыройы мен беделі арта түсуде. Университетте сапармен болған ТМД елдерінің жоғары әскери басшылары, Қытай, АҚШ, Германия, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Иордания және Румыниядан келген әскери делегациялар профессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылар құрамының кәсіби дайындығы деңгейін жоғары бағалады. Шет мемлекеттер қарулы күштері өкілдерінің университет жеке құрамымен кездесулері ынтымақтастықтың дамуына зор ықпалын тигізеді, әскери кадрларды дайындау үрдісі сапасын өзара арттыруға, сенімді нығайтуға үлкен мүмкіндіктер береді», - деді Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары полковник Амангелді Тоғысов.
Айта кетейік, бұған дейін Пәкістан Ислам Республикасы Қарулы Күштері Штабтар бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Надим Раза Қазақстанға ресми сапармен келуіне орай, Қорғаныс министрлігінде Қазақстан мен Пәкістан арасындағы әскери ынтымақтастық мәселелері талқыланған болатын. Қорғаныс ведомствосында генерал Надим Разаны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қабылдады.
Кеңейтілген құрамда генерал Надим Разамен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов та кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы әскери ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жауынгерлік даярлық, әскери білім беру және кадрлар даярлау, БҰҰ миссияларында бітімгершілік контингентін бірлесіп өрістету саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды.
Естеріңізге сала кетейік, Елімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті жұмыс істейтіні белгілі. Аталған оқу орны көптеген елдермен байланыс орнатып, әскери мамандар даярлауда мол тәжірибе алмасуға күш-жігер жұмсайды. Мәселен, дәл осы оқу орнының ішінен «Пәкістанның әскери өнері» аудиториясы ашылды. Бұл кабинет Пәкістан Ислам Республикасымен әскери білім беру және кадрлар даярлау саласындағы әскери ынтымақтастық шеңберінде ашылып отыр. Ал аудиторияның ашылу салтанатына ҚР ҚК Бас штабы мен Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы, сондай-ақ Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкістан Ислам Республикасы Қарулы Күштері Штабтар бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Надим Раза қатысты.