Сенат "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл келiсiм 2019 жылы 30 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында рәсімделген болатын. Құжатта халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын компаниялардың құқықтары жазылған.
Атап айтқанда:
- өз аумағы арқылы қонбай ұшуды жүзеге асыру;
- өз аумағында коммерциялық емес мақсаттарда аялдау;
- белгіленген маршруттар бойынша пункттер арасында халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыру.
Сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ әуе компаниялары кез келген бір немесе екі бағытта рейстерді жүзеге асыра алады. Бір ұшақпен әртүрлі рейстер жасауға болады. Екі тараптың әуе кемелері келісімде белгіленген кедендік баждар мен алымдардан босатылады.
Келісімде әуе компанияларының коммерциялық мүмкіндіктері де айқындалған. Олар:
- екінші тараптың аумағына әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін қажетті әкімшілік, сауда, техникалық және басқа да мамандарды жеткізу және сонда ұстау;
- екінші тараптың аумағында жер үстінде қызмет көрсетуді, әуе тасымалдарын сатуды дербес жүзеге асыру.
Келісімге сәйкес, әрбір тарап екі тараптың әуе компанияларына нарықтағы коммерциялық пайымдаулар негізінде әуе тасымалдарына баға белгілеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тараптардың әуе компаниялары арасындағы адал бәсекелестік, дауларды реттеу және келісімнің қолданылуын тоқтату тәртібі реттелген.