"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Қытайда коронавирус індетінің таралуына байланысты дер кезінде алдын алу шараларын қабылдауда, – деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында №103/104 "Үрумші – Алматы-2" және №13-54/14-53 "Алматы-2 - Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Үрумші" екі жолаушылар пойызы қатынайды. Бүгінгі таңда уәкілетті органмен аталған пойыздарды уақытша тоқтату жөнінде рәсімдер өткізілуде.
"Елімізде вирустың таралуына жол бермеу мақсатында Достық және Алтынкөл станцияларына келген пойыз жолаушылары мен бригада қызметкерлерін қазақстандық санитарлық қызметі тексерістен өткізеді. Олар тепловизор арқылы жол жүрушілердің жағдайын тексеріп, қалдарын біледі. Содан кейін ғана жолаушылар мен пойыз бригадасы қызметкерлеріне шекаралық және кедендік тексерістер жүргізіледі", - делінген ақпаратта.
Жолаушылар пойызы қозғалысы кезінде жолаушылар мен қызмет көрсету персоналының коронавируспен ауырып қалу күдігінде жолаушылар пойызының бастығы жедел түрде пойыз машинисі арқылы медициналық пункт орналасқан станцияның кезекшісін немесе вокзал бойынша кезекшіні ақпараттандыруы тиіс, дейді компания.
"Ол пойыздың тоқтау пунктіне келуіне дейін алғашқы індетке қарсы шараларды (ауруды өзге жолаушылардан бөлектеу, науқас жолаушы орналасқан вагон бойынша адамдардың қозғалысына тыйым салу, әрбір 30 минут сайын шәй ыдыстары, еден, санитарлық торап және өзгелеріне дезинфекция жүргізу) өткізуге міндетті", - дейді баспасөз қызметі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің қатысуымен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында нұсқаулықтар өткізілді.
Сондай-ақ, пойыз бригадаларының қызметкерлері тыныс алу маскаларымен жабдықталған және оларды үнемі тағып жүру керектігі туралы ескертілген.
Бұдан басқа, Қазақстан мен Қытай арасында теміржол көлігімен багаж және қол жүгін алып жүруге бақылау күшейтілген.