Қазақстан уақытша карантиндік фитосанитарлық шаралар қолданып, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасынан кейбір өнімдерді әкелуге тыйым салды, деп хабарлады агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмасбек Марс.
Қырғызстаннан азық-түліктік және тұқымдық картоп, алма, құрма әкелуге, сондай-ақ Өзбекстаннан анар жемісін тасымалдауға шектеу қойылады.
"Соңғы кездері Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасынан жеткізілетін өнімдердің карантинге жатқызылуы жиілеп кетті, дәлірек айтқанда алма, құрма және анардан Комсток құрты, картоптан алтын түстес картоп нематоды табылды. 2018 жыл мен биылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға Қырғыз Республикасынан жеткізілген карантинге жатқызылған жүктерді тексеру барысында бірыңғай карантиндік фитосанитарлық талаптарды бұзудың 465 жайты тіркелген, оның ішінде карантинге жатқызылған өнімнің 59 рет карантиндік объектілермен зақымдануы анықталды", - деп атап өтті Алмабек Марс.
Жылдың соңғы айында Өзбекстан аумағынан жеткізілген анардан Комсток құрты табылыпты.