Қазақстан шахмат федерациясы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының ашылу салтанатында ұлттық құрамада мемлекеттік тудың болмауын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Федерация кейінгі олимпиадаларда спортшылар шеруі болмағанын айтты. Ту, әдетте, қатысушыларды марапаттау кезінде олимпиаданың жабылуында ғана қажет болған.
"Биыл ұйымдастырушылар осындай мүмкіндік беруді ұйғарған, бірақ делегацияны хабардар етпеді. Тек қазақстандық делегация ғана мемлекеттік рәміздерсіз шыққан жоқ. Өзге ел өкілдерінің жартысынан көбі ескертусіз шықты, ал кейбіреулері шеруге мүлдем қатыспады. Ашылу салтанатында Қазақстан атынан халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік пен халықаралық шебер Арыстанбек Оразаев шықты", - деп түсіндірді федерация өкілдері.
44-дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан намысын ерлер мен әйелдер құрамасы қорғайды. Ерлер құрамасында Ринат Жұматаев, Мұртас Қажғалеев, Арыстанбек Оразаев, Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейманов бар. Әйелдер құрамасында Әбдімәлік Жансая, Асаубаева Бибісара, Нахбаева Гүлісхан, Балабаев Ксения және Нұрғали Назерке бар.
Бұған дейін Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова Қазақстан шахмат федерациясының "туға ақша аяғанын" мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, осының нәтижесінде ұлттық құрама Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасының ашылу шеруінде тусыз өткен.
"Ұлттық құраманың олимпиадаға қатысуын ұйымдастыруға жауапты Қазақстандық шахмат федерациясы алдын ала дайындалмады, қажет деп санамай, ұмытып кетті, 20 мың теңгені аяды, Дүниежүзілік Олимпиада ойындарына қазақстандық туды қасақана алмады. Қазақстан құрамасы шеруде тусыз өтті. Ұят, масқара", - деп жазды ол әлеуметтік желілерде.