30 шіл, 2021 сағат 14:41

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанайда бірнеше келісім жасады



Осыдан төрт жыл бұрын құрылған «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы Қостанай облысының жастар ресурстық орталығымен және «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалымен ынтымақтастық туралы меморандум бекітті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсековтың айтуынша, жастармен жасалған ынтымақтастық біраз шаруаның ымырамен бітуіне кепіл болатынын тілге тиек етті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарымен орнатылған ынтымақтастық біз үшін жемісті жұмыстарға бастайтын негізгі жолдардың бірі. Мемлекетіміздің басым бөлігін жастар құрайтынын, және олардың үлкен күш екенін ескерсек, кез келген салада, кез келген уақытта жастардың ынтымақ-бірлігі қажет екені даусыз. Бұған дейін атқарылып жатқан қоғамдық жұмыстар жалғасын тауып, қайырымдылық шаралар игі бастама бола бермек», - деді Жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков.

Бұған дейін айтқанымыздай, «Қоғамдық келісім» КММ жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабы қоғамдық жұмыстармен және қайырымдылықпен айналысады.

«Бұл құжаттар өңірдегі жастар ұйымдарының қатысуымен этносаралық қатынастар саласындағы бірлік пен келісімді сақтауға бағытталған бірлескен әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді», - дейді Қостанай облысының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Руслан Мырзағалиев.

Құжаттарға қолтаңба қойылғаннан кейін Жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков пен «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» ЖҚ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Абай Жүсіпов облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарымен орнатылған ынтымақтастықтың жемісті болатындығына сенім білдірді.

«Бұл бастама бәріміз үшін қолайлы болып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары мемлекет тарапынан болған кез келген шешімді, кез келген саяси қадамдарды қолдауға үлкен күш беретіні даусыз. Қостанай облысының тұрғындарының да басым бөлігі жастар екені белгілі. Жастармен жұмыс істеу, өңірдегі жұмыссыздықты жойып қана қоймай, жастардың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сәтті идеяларды жүзеге асыру мүмкіндігі деп білемін», -  деді «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» ЖҚ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Абай Жүсіпов.

Естеріңізге сала кетейік, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы Қостанай облысының жастар ресурстық орталығымен және «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалымен ынтымақтастық туралы меморандум бекітті. Қостанай облысының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Руслан Мырзағалиевтің айтуынша, бұл құжаттар өңірдегі жастар ұйымдарының қатысуымен этносаралық қатынастар саласындағы бірлік пен келісімді сақтауға бағытталған бірлескен әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.