Қазақстан бірқатар шет елмен халықаралық әуе қатынасы санын арттырады.
Мұндай шешім ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Атап айтқанда, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Түркиямен (қосымша 4 рейс), Өзбекстанмен (+4 рейс), Қырғызстанмен (+2 рейс) және Украинамен (+1 рейс) халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру туралы ұсынысы комиссияның қолдауына ие болды.
Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты таратқан ақпаратқа сәйкес, отырыста Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеу барысын баяндады. Өз кезегінде вице-премьер Е. Тоғжанов аталған заң жобасы бойынша барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдармен келісу жұмыстарын және бюджеттік есептерді енгізуде бұған дейін бекітілген мерзімдерді ұстану қажеттігін атап өтті.