17 мам, 2017 сағат 11:24

Қазақстан билігі қырғыз еліне 100 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек көрсетпек

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Келісім 2014 жылғы 7 қарашада Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғарғы Мемлекетаралық кеңес отырысының аясында мемлекет басшылары берген тапсырмаға сәйкес әзірленді. Құжатқа 2016 жылғы 28 желтоқсанда қол қойылды. Келісім нормаларына сәйкес, Қазақстан тарапы Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы процесіне жәрдемдесу мақсатында аталған елге 100 млн АҚШ долларына тең көмек көрсетеді. Көмек қырғыз тарапына Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы жөніндегі «Жол карталарында» көзделген шараларды іске асыруға, атап айтқанда ЕАЭО кедендік шекарасының қырғыз учаскесінде кедендік инфрақұрылымды жақсартуға, Қырғызстанның санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық жүйелерін ЕАЭО талаптарымен сәйкестендіруге беріледі», - деп тоқталды ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов заң жобасы бойынша баяндамасы барысында.

Бұл ретте көмек техникалық жәрдемдесу туралы үкіметаралық жекелеген хатталамаларға сәйкес, кезең-кезеңмен ақша қаражаттары, тауарлар, мамандарды оқыту түрінде берілетін болады.

Оның сөзіне қарағанда, кезекті көмек беру траншын қалыптастыру мақсатында Қырғызстан жағы шаралар тізбесін, сонымен қатар көмектің негізділігін растайтын құжаттардың болуы туралы қорытындыны ұсынады.

«Ұсынылған көмектік мақсатқа сай  және тиімді жұмсалуын бақылау бағытында Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесі аясында бірлескен екіжақты Тексеру комиссиясы құрылады. Тұтастай алғанда, мемлекеттік шекараның қазақ-қырғыз учаскесінде ветеринарлық бақылауды алып тастау болжамын ескерсек, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы сұлбасында қырғыз өткізу бекеттерін жарақтандыру үдерісіне барынша көмек көрсетуге Қазақстан мүдделі екенін айта кету керек. Бұл өз кезегінде Қазақстан аумағына көрші елден және ЕАЭО-ның басқа да елдерінен әкелінетін тауарлардың қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Сүлейменов.