18 там, 2021 сағат 11:40

Қазақстан аумағында мал азығын дайындау көлемі қандай?


Елімізде 19,7 млн тонна шөп немесе 83 пайызы дайындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Малдың қыстан ойдағыдай шығуы үшін облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, азық дайындау жоспарлары белгіленді. Мысалы, шөп дайындау жоспары запастағыларды ескере отырып, 23,7 млн тоннаны құрайды. Іс жүзінде 19,7 млн тонна шөп немесе 83% дайындалды. Алматы, Жамбыл және Қостанай облыстарында жоспардың шамамен 90%-ы көлемінде шөп дайындалды», - деді Қарашөкеев. 

Оның айтуынша, ұйымдастырылған шаруашылықтар 989 мың тонна пішендеме әзірледі, бұл жоспардың 62%-ын құрайды. Сондай-ақ сүрлем дайындалып жатыр, жоспар 2 млн тоннадан асады. 4,8 млн тонна сабан және 6 млн тонна құнарлы азық дайындау бойынша жоспарлар айқындалды.

«Солтүстік өңірлер үшін пішен бойынша ғана емес, басқа өңірлерде шөп жетіспеген жағдайда, сабан дайындау бойынша да жоспарлар ұлғайтылды», - деді Ербол Қарашөкеев.