Қазақстан 1,2 млн ПТР-тестін сатып алады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында шамамен 200 мың ПТР-тесті бар. Қазіргі уақытта тәулігіне шамамен 28 мың тест өткізіп жатырмыз. Оны алдағы уақытта 30 мыңға дейін жеткізетін боламыз»,- деді Ләззат Ақтаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Сонымен қатар, ол ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында әкімдерге жергілікті медицина ұйымдарында қосымша ПТР-зертханаларын ашу туралы тапсырма берілгендігін атап өтті.
«Алдағы 10 күннің ішінде 1 млн 200 мың ПТР-тесті сатып алынады», - деді министрдің міндетін атқарушы.