Асхат Маемиров «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерт ұйымы директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айтып кету керек, «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерт ұйымы – Алматы қаласында 1960 жылдары құрылған Қазақстандағы ең ірі музыкалық ұйымдардың бірі. Өзінің бай тарихының алғашқы күндерінен-ақ «Қазақконцерт» қазақстандық мәдениеттің көш басында болды. Бұл жерде еліміздің үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдары бас қосқан. «Қазақконцерттің» кештері ауқымды көрермен аудиториясын жинайды, ал бағдарламалары жанрлық сан-алуандылық пен орындаушылардың жоғары кәсібилігімен ерекшеленді.
«Қазақконцертте» барлық жанрлар ұсынылған: халық өнері, классика, эстрада. Шығармашылық құрамға фольклорлық-этнографиялық ансамбль, «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі, «Astana Musical» театры, эстрадалық және опералық әншілер кіреді.
Бүгінгі таңда «Қазақконцерт» көректі Астанамен өзінің жаңа белестерін байланыстыра отырып, аты аңызға айналған ұйымның даңқты тарихын жалғастырып келеді.
Асхат Максимұлы Маемиров – театр өнерінің магистрі, доцент, философия ғылымдарының докторы (PhD) – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма театр режиссері мамандығы бойынша аяқтаған. «Болашақ» Президент стипендиясының иегері. 2008 жылы Францияның танымал Université Sorbonne Nouvelle Paris 3 университетінде білім алып, Драма өнерінің Париж ұлттық консерваториясында тағылымдамадан өткен болатын. 2010 жылы Ресей театр өнері академиясында (ГИТИС) театр өнері магистрі дәрежесін аяқтап шықты.
Түрлі жылдары Асхат Максимұлы Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының бас режиссеры, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті «Режиссура, хореография және КДР» кафедрасының оқытушысы, Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің «Актерлық өнер» бөлімінің меңгерушісі, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режиссері, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Театрлық өнер» факультетінің деканы, «Қазақстанның рухани даму қоры» АҚ-ның вице-президенті, сондай-ақ «Қазақ әуендері» АҚ-ның президенті ретінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бастап осы күнге дейін Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Актерлік шеберлік және режиссура» кафедрасының доценті.