Оның есімі ғана емес, қабірі де белгілі екенін білеміз бе?
Ислам – Алла Тағаланың дүние жаратылғалы адамзатқа жолдаған барлық сәлемдерінің жиынтығы деген сөз екен. Ендеше, Мұхаммед Пайғамбардан бұрынғы пайғамбарлардың үмбеттері де мұсылман болып есептеледі. Құран Кәрімде Адам Атадан бастап, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Иса пайғамбарларды жатсынбайтынымыз сондықтан. Құранда аттары аталмаса да, хадистерде жүз жиырма төрт мың пайғамбар келген делінеді.
Алла Тағала адамдарға тура жолды көрсету үшін көптеген пайғамбар жіберді. Олардың алғашқысы хазіреті Адам (а.с.) болса, соңғысы хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) екені әмбеге аян. Асылында, әрбір үмметке бірер пайғамбар жіберілгендігі Құранда ашық түрде баян етіледі (қараңыз: 35.Фатыр-24, 10.Юнус-47). Бірақ жер бетіне хақ дінді тәблиғ ету үшін жіберілген пайғамбарлардың нақты саны белгісіз. Құранда тек 25 пайғамбардың есімі ғана аталады. Өзге пайғамбарлар жайында Құранда хазіреті Пайғамбарымызға: «Расында, сенен бұрын да елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін баян етпедік» (40.Ғафыр-78) делінген. Екі хадисте – 124 мың, екінші бір риуаятта – 224 мың пайғамбардың адамзатқа келіп кеткендігі айтылады. Құранда аты аталған 25 пайғамбар – солардың жиынтық көрінісі. Сондықтан әрбір иманды адам оларға да бой ұсынып, «жер бетіне хақ дінді үйрету үшін жіберілген күллі пайғамбарларға иман еттім» деген сенімді ұстанады.
Жаратушы жер бетіне осынша мыңдаған пайғамбар жіберсе, өте үлкен қағанат құрған көне ел, өзіндік жөн-жосығы бар жосалы жұрт – көп санды түрік қауымын да пайғамбарсыз, хабарсыз қалдырмағаны анық. Ендеше, ежелгі бір заманда біздің далаға да пайғамбар келгеніне күдік болмауы тиіс. Сондықтан ежелгі қазақ даласында да бір құдайлық діннің болғанын, Алла жіберген елшінің ізі жатқанын зерттеу еш артықтық етпейді.
Сонымен, қазаққа (ол кезде түркі ғой) келген Хақ елшінің есімі кім десек, аңыз әңгімелерде қазаққа Озған деген пайғамбар келген делінеді. Мұны әйгілі Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының дерегі де растайды. Ол дерек бойынша баяғыда бабаларымыз Мұхаммед Пайғамбарды іздеп барған екен.
«Замандардан заман өткенде, бұрынғылар өліп таусылып, қалғандарға нәубет жеткенде, «Араб жұртынан бір Мұхаммед деген батыр шығыпты!» деп әуезі айдай әлемге жайылып,Түркістан аймағынан, Түрік ұрпағынан, Моғол нәсілінен, «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» атанып тұрған күнде «әр рудан біреу болса, ру түгел болмақ» десіп, тоқсан екі батыр атқа мінді дейді: «Сол Мұхаммедті барып көрелік. Батырлығы шын болса, жолдас болып жанына ерелік!» деп, мінген көліктері – ат, ұстаған қарулары – бір-бір қатқан қақ сойыл, құрғақ шөлмен жүріп барса, айтқан Мұхаммед мұнан бұрын екі соғысты өткізіп: бірінде жеңіп, бірінде жеңіліп, үшінші соғыстың үстінде тұр екен.
– Өзіміз сізге ұзынқұлақтан естумен асық болып біріміз оқ, біріміз жақ есепті қазылған жол, шашылған топырағыңызда болғалы келдік! – десіп, кәпірлерге қарай лап қоя шауып, дүрсе қоя берді дейді.
Жалаңаш түйе бағып, өмірінде қыл құйрықты жылқы көрмеген сорлы араб аттың дүрсілінен қорқып, үрейі ұшып, зәресі кетіп, топалаң тиген қойдай, бықбырт тиіп, жылқының жасау тезегіндей болды дейді. Бұлардың батырбасы, көкжалы – Ақкөсе. Оған таяулары – Мәлік, Ақтам, Құттықожа, Имамбайыр, Аққоян дегендер екен. Сонда пайғамбар жарықтық шаттанғаннан:
– Алла түркі хайыр ғымин үмметі! – дегендігін Салманпарыс деген сақаба Әзірет сұлтанға сөйлеген екен. Қазақшасы «Түркім келді – көркім келді» деген екен.
Сонда Пайғамбар бұлардан сұраған екен:
– Сіздер қай дінде боласыздар? – деп. Бұлар айтыпты:
– Біз дін-сінді білмейміз, ораза жоқ, намаз жоқ, Құдай деген жанбыз, – депті.
– «Озған пайғамбар» деген бабаларымыз осылай ұқтырған екен» десіпті.
Осындай ұғына алмаған сөзден біздің қазақ: «Озған пайғамбар ұрпағымыз» десіп те жүрді. Сөйтсе, онысы Уыз (Оғыз) хан екен. Киіз үйді сол Уыз хан жасатып: «Киіз туырлықты қазақ байдың баласы, Уыз үйлі» атанып жүрді.
Сол соғыста пайғамбар шаттанып: «Әлтүркі хайыр мен үмбеті» деген екен деседі. «Менің үмбетімнің ең жақсысы – түркі халқы» деген сөз дейді.
Сонан кейін бұлар қалған өмірін пайғамбар қасында өткізіп, «ансары» атанған екен. «Мұһажырын аңсары» деген қауым қыбыланың ру, тұқым аты емес. Меккеден Пайғамбарды іздеп көшкендер «Мұһажырын» атанған. Пайғамбарға соғыста болысып, күш-көмек бергендер ансары атанған. «Далсабтұн алал ұллынмен әл-мұһажырын уа әл-анзар» – бәйгенің озып алдын алған «Мұһажырын мен Aнсарылар» делінген сөз».(Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы,шығармалар жинағы, 8 том, 59 бет).
Ғылым докторы Берікбай Сағындықұлы ақсақалдың дерегі бойынша, Озған пайғамбардың басын жаулары кесіп алған делінеді. Кереметін өзгелерден оздырған соң, Озған пайғамбар аталып кеткен дейді. Шамамен Нұхтың топан суынан көп бұрын өмір сүрсе керек. Озған пайғамбар мен оның анасы, жақындары жерленген мазар, Өзбекстандағы Бұхар облысының Тамды ауданындағы Ақтау деген жерде (ежелден бұл жерді қазақтар мекендеген). Бұл мазар қазір «Күжімді әулие» деп аталады. Қабірде жатқан жеті адамның әрқайсысының ұзындығы жиырма қадамнан келеді екен. Оларды көмген үйінділер қазір де сол күйінде жатқан көрінеді.
Берікбай ақсақалдың әкесі Сағындықтан (Озған пайғамбардың шырақшысы болған) естуі бойынша, Озған пайғамбарға Мұхаммед Пайғамбар мен Хазіреті Ғали тірі кездерінде зиярат етуге келген делінеді. «Сол жөнінде тау арасында араб тілінде жазу бар. Оны менен басқа бір адам білмейді. Дәм жазып бара қалсақ, балам, саған сол жазуды көрсетер едім. Хазіреті Ғали намаз оқығанда тас балқып кеткен екен. Оның ізі де ап-айқын көрініп тұр» (Берікбай Сағындықұлы Мүсірбай-Телеу «Ғаламның ғажайып сырлары» «Ғылым баспасы, 1997, 145-бет).
Озған пайғамбар – Күжімді әулиенің Бұхар облысының Тамды ауданындағы Кулейс қорымында жатқаны белгілі фольклортанушы ғалым Шәкір Ыбыраевтың дерегінде де көрсетіліпті.
Озған пайғамбар жатқан қабірдің Күжім атанып кеткен себебі, ол жерде күжім көп егілсе керек. Күжім – ағаштың бір түрі, таудың беткейіндегі қара тасты қақ жарып шыққан.
Тарихшы Дархан Қыдырәлиев «Түркілерде де пайғамбарлар болған-ды» атты мақаласында Исламға дейінгі түркілердің діни түсінігін талдай келіп, ата-бабаларымыздың ханиф дінін (монетеизм) ұстанып, олардың тәңірді кейде Баят, Иди, Чалаб, Ачу деп атағанын, түркілердің ақырет сенімінің де Исламмен терең үндестік табатынын айтады (Дархан Қыдырәлиев. «Атымды адам қойған соң». Алматы, 2008. 15-16 беттер).
Ал белгілі ғалым, теология ғылымдарының докторы Мұхан Исахан өзінің 2013 жылы жарық көрген «Оғыз қаған кім?» деген тарихтағы түркі өркениеті туралы тамаша зерттеу мақаласында
«…Тегінде, түркі халықтарында Озған пайғамбар немесе Оғыз қаған туралы «Оғызнама» атты көне дастанның бар екендігі баршаға аян…Оғыздың туыла салып, анасына Тәңір-Тағалаға иман келтірмейінше, емшегін ембейтінін айтуы (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. Алматы 1986. 36 б), пайғамбарлық сипат екені талассыз шындық. Себебі, бүкіл пайғамбарлар «исмат» (күнәсіз, пәк) сипатымен ғұмыр кешеді (Журжани. Китабут-Тарифат. Бейрут 1987. 150 б). Тіпті Оғыз қағанның тілі шығысымен «Алла, Алла» деуі, Көр хан мен Көз ханның қыздары кәпір болғандықтан, олармен төсектес болмауы, дінсіз әкесін жеңіп таққа отырғаннан кейін, кәпірлерге қарсы ғазауат жасауы (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 16-22 беттер), оның шынында да пайғамбар болуы бек мүмкін екенін аңғартса керек» деп, Озған пайғамбар – Оғыз қаған – Хұндардың тәңірқұты Мөде қаған (б.э.б 174ж) болуы мүмкін деген ой айтады.
Кім біледі, Қызылқұмның Бұхара жақ бетіндегі Оғызтау тауы сол ежелгі тарихтан сыр шертетін шығар.
Пайғамбарлар жатқан қабірдің иесі де, қорғаушысы да – Алла Тағаланың өзі. Бұхар облысы Тамды ауданындағы Озған пайғамбардың қабірін қазуға жұрт қорқады екен. Кеңес өкіметі орнаған жылдары отыз шақты археолог бір түнде шатырларын жинап қашыпты. Елдің айтуы бойынша, бір адам от жағып, олардың әрқайсысын жеке-жеке қуыпты. Күжімді әулиедегі қабірде жатқан жеті адамның әрқайсысының ұзындығы жиырма қадамнан келеді деген мәлімет те, ұзындығы бойынша Самарқан қаласындағы мұсылманша Данияр, еврейше Даниил пайғамбардың он сегіз метрлік мазарымен үндеседі.
Әрине, дін бойынша негізгі мәселе пайғамбарлардың өмір- баяндары мен қабірлерін біліп анықтаудан гөрі, оларға бойұсыну екені анық. Құран оқылғанда, ғибадат жасалғанда барлық пайғамбарларға үмметтен сәлемдер өздігінен жолданады делінеді. Олардың қабірлерін анықтау шарт емес болса да, біз бүгін көпшіліктің зердесіне Озған пайғамбардың қабірі қайда екендігін еске салдық. Озған пайғамбардың жатқан орнын анықтау иман келтірген мұсылмандар үшін аса маңызды болмағанымен, ежелгі түркі өркениетін зерттеушілер үшін қажет екені анық.
Төреғали ТӘШЕНОВ
"Айқын" газеті