Астанада қазақ тілін оқыту орталығының басшысы Владислав Тен "Алғыс күнінде" қазақ халқына алғысын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Біздің ата-бабаларымыз 1937 жылы депортацияға ұшырап Қазақ жеріне еріксіз келіп түскенде қазақтар олармен соңғы нанын бөлісіп, ажалдан құтқарып, көмек бергені үшін корей халқынан алғыс білдіремін", - деп жазды Владислав Тен.
Айтуынша, сол кезде қазақ халқы корей ата-бабаларына қол ұшын бермегенде, өзі де, екі баласы да, көптеген туған-туыстары да бұл дүниеге келмес еді. Сол үшін қазақ жері корейлер үшін киелі әрі қасиетті жер деп санайды.
"Мен Ташкент қаласында туғанмын. Менің Отаным, туған жерім - Өзбекстан. Әке-шешем мен туған қарындасым менен бұрын Қазақстанға қоныс аударған еді. Дегенмен ата-анамның жалғыз ұлы болғаннан кейін корей мәдениетін сақтау үшін олармен бірге өмір сүруім керек екенін мен де, олар да біліп, бір күні олардың "Балам, сен Астанаға кеп осы жерде бірге тұрайық!" деген шақыруымен осы жерге келіп мен үшін жаңа өмір басталып, қазақ тілін білуге деген қызығушылығым артып, бар ынтаммен оқып үйрене бастадым", - деп жазды Тен.
Корей жігітіне тек қана тіл емес, жалпы қазақ халқының өзі, салт-дәстүрі ұнай бастаған, мақалдарын түсіне бастаған. Содан өзіне: "Неге мен қазақ тілін дамыту үшін осынша жанымды беріп жұмыс жасап жатырмын?"- деген сұрақ қояды. Сол сұрағының жауабын тапқанын жазды.
"Менің ойымша, Алла тағала мені Қазақстанға ата-бабаларымның атынан алғыс айту үшін жіберген сияқты. Сол қиын кезде менің ата-бабама көмек берген қазақ халқына деген құрметімді әрқашан да алға қоямын.
Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі бұл - осы жерде тұрып жатқан әрбір халықты құрметтей біледі. Мысалы, бізді, корей халқын, үнемі “еңбеккор “деп атайды. Бұл бізді жоғары бағалай білгені деп есептеп, әрі қарай Қазақ жері үшін, оның жан-жақты дамуына жан аямай, еңбек етуге дайынмын", - деп жазды Владислав Тен.
Осылайша корей жігіті қазақ тілінің дамуы мен оқытуда еңбек ете бастаған. "Менің мақсатым және арманым Қазақстандағы барлық адамдардың қазақша еркін сөйлей білуі", -деп жазды ол.