Іш ауырса да, тіс ауырса да жұрт жапатармағай кеңес сұрайтын, айтқандарын бұлжытпай орындайтын бір әмбебап маман бар Комаровский деген. Балалары түшкіріп-пысқырып, температурасы сәл көтерілсе аналарының жалма-жан ғаламторға үңіліп, әлгі әйдік медицина маманының ақыл-кеңесін оқып жататынына өзіміз де куә болып жүрміз.
Денсаулыққа қатысты ақыл-кеңестеріне жалпақ жұрт құдайдай сенетіндей Комаровский деген кім екенін білуге тырысқанбыз. Өз ісін терең білетін кәсіби маман, педиатр, украиналық жоғары категориялы дәрігер екен. Емдеймін деп елді алдап, алаяқтықпен ақша тауып жүргендерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын білікті маман көрінеді. Балалар ауруханасында талай жыл еңбек еткен, түрлі қызмет сатысынан өткен, бірнеше ғылыми еңбектің авторы. «Клиник» деп аталатын жеке балалар клиникасы да бар. Оншақты жыл бұрын ашылған «Доктор Комаровскийдің мектебі» деген медициналық бағыттағы телебағдарлама жүргізушісінің көрермендер арасында кеңінен танылғаны соншалық, бағдарлама бірнеше жылдың ішінде Украинаның ғана емес, Ресей, Беларусь, Молдова телеарналарын жаулапты. Ол аз десеңіз, Канада, Германия, Израиль сынды елдердегі орыс тілді арналардан көрсетіледі. «Доктор Комаровскийден сұраңыз», «Микстура-шоу» деген де бағдарламалары бар.
Комаровскийдің бала денсаулығына, тәрбиесіне қатысты айтқандары қанатты сөзге айналып, халық арасында кеңінен таралып кетіпті. «Бақытты бала – денсаулығы жақсы бала, оның жақсы оқуы мен скрипка тарта алуы екінші кезекте», «Бала үшін шетелдегі курорттан – ауылда жалаңаяқ жүгіріп, күнге күйген артық» деген сынды сөздері де қолайымызға жаға кеткенін жасырмаймыз. Украиналық педиатрды не үшін сонша әспеттеп отыр дерсіз. Жақында журналистік жұмысымыздың барысымен бір топ әріптесіміздің қатарында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қабылдауында болған едік. Е.Біртанов осы кездесуде министрлік тарапынан қолға алған жұмыстардың біразын ортаға сала келіп, қоғамда саламатты өмір салтына үйретуге күш салынып жатқанына көбірек тоқталды. Қазіргі таңда медицина саласына бөлінетін қаражаттың 14 пайызы профилактикалық жұмыстарға жұмсалады екен. Саламатты өмір салтының қыр-сырын қоғамға егжей-тегжейлі түсіндіріп отыру халықтың денсаулығын жақсартуға ықпал ететін бірден-бір жол екені әлдеқашан дәлелденген. Өкінішке қарай, біздің елімізде неше түрлі шоу-бағдарламалар көп болғанымен, медициналық бағыттағы бағдарламалардың аз екені, халық жаппай құлақ асатын медицина маманы әрі медиатұлға жоқ екені де осы жиында ортаға салынды.
Шынында да, республикалық телеарналарда «Денсаулық», «Бірінші байлық», «Ұлт саулығы» сынды бағдарламалар болғанымен, олардың танымалдық деңгейі аса жоғары емес екені рас. «Қазақстан» арнасындағы «Шипагер» бағдарламасы тіл ұшына ора-лып тұр. Алайда, эфирге аптасына бір-ақ мәрте шығатын 20 минуттық бағдарлама аздық ететіні түсінікті. Ал көрермен жазбай танитын, айтқан ақыл-кеңесін тұрақты түрде тыңдайтын кәсіби медицина маманы әрі тележұлдыз атанған адам Қазақстанда болған емес. Танымдық бағдарламалардың арасында денсаулық сақтау туралы 10-15 минут айтылып, бірер сюжет көрсетілетіні болмаса, көрермендер асыға күтіп, үздіксіз хабарласып жататын бағдарлама есімізге түспеді. Қазіргідей дәрі-дәрмектің бағасы аспандап, емделу құны қымбаттап бара жатқан кезеңде біздің халық «денсаулықтың – бірінші байлық» екенін жақсы түсініп отыр. Мәселе олардың қызықты әрі пайдалы ақпараттарға деген сұранысын жеткілікті деңгейде өтей алмай отырғанымызбен байланысты.
Енді басқа елдердің мысалына көз жүгіртіп көрейік. Мәселен, Ресейде медициналық бағыттағы телебағдарламаларды айтпағанда, «Здоровье», «Первый медицинский канал» сынды жеке телеарналар бар. Ол аз болғандай өткен жылы «Доктор» деген жаңа арнаның тұсауы тағы кесіліпті. Аталған арналарда танымал медицина мамандары денсаулық сақтауға қатысты түрлі салаларды қамтитын бағдарламаларды жүргізеді. «Медиктер» эфирде науқастарды емдеудің жолдарын көрнекі мысалдар арқылы көрсетіп, керек болса жеңіл-желпі операция да жасайды. Көрермендердің олардың айтқандарына шүбәсіз сенетіні сол. Исі қазаққа танымал медицина мамандары біздің елде де аз емес. Олар туралы айтқанда Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановтың есімі тіл ұшына бірінші болып оралады. Ақсақал жасы тоқсанды алқымдаса да салиқалы сұхбаттарымен, шымыр тұлғасымен-ақ саламатты өмір сүрудің жарқын үлгісіндей көрінері хақ. Әйгілі академик, елімізде балалар хирургиясының іргетасын қалаған тұлға, халық алтын қолды адам деп ардақтайтын Камал Ормантаев та осы қатарда. Ендігі кезекте білікті дәрігерлердің арасынан халыққа танымал медиа-тұлғалар қалыптасып, денсаулық сақтаудың қыр-сыры туралы телебағдарламаларды көбейту керек сыңайлы. Дәрігер мен пациенттің арасында тартымды диалог орнатуда, саламатты өмір салтын насихаттауда телевизияның рөлін сол арқылы күшейтуге болар еді.
Нұрболат Абайұлы