26 мау, 2020 сағат 11:57

Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кептелісі мәселесі шешілді

Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кептелісі мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан мен Қырғыз Республикасы шекарасында көлік кезегінің қалыптасу себебін бұған дейін БАҚ арқылы ҚР Қаржы министрлігі түсіндірген болатын. Қазіргі таңда қазақ-қырғыз шекарасында көліктің болсын, жүк көлігінің болсын жиналып қалуы жағынан ешқандай проблема жоқ. Маусым айының басында мәселелер туындаған еді. Бірақ оның бірнеше объективті себебі болды: біріншіден карантин шектеулеріне байланысты бізде өткізу бекеттерінің біразы жұмысын тоқтатқан болатын. Алайда жағдай қиындаған кезде де Қазақстан жүк тасымалдаушылар үшін бір күн де шекараны жапқан жоқ», - деді ҚР ҰҚК Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары, полковник Олег Фисенко ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында.

Жалпы, маусымның басында Қырғыз Республикасымен шекарадағы көліктің жиналып қалуының тағы бір себебі жеміс-жидектің пісіп, шекара арқылы өткісі келушілердің көбеюуіне байланысты болған.

«Өткізу бекеттерінде Шекара қызметі ешқандай шектеу енгізген жоқ. Жүк тасымалдарының бақылауын күшейтпеді. Бүгінгі күні ондағы өткізу бекеттерінің бәрі жұмыс істеп тұр. Мәселе шешілді. Қазақстан тарапында да, Қырғыз Республикасы тарапында да көліктің жиналып қалу жағдайы жоқ», - деді ол.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін қазақ-қырғыз шекарасында ұзын-сонар көлік кезегі қалыптасқанын жазған болатынбыз. Комитет бұған жеміс-көкөніс өнімдері маусымының басталуы, ҚХР-мен сауда-саттықты жаңарту және COVID-19 инфекциясына байланысты 5 өткізу пунктінің жұмыс істемей тұрғаны себеп болды деп түсіндірген.