Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып, «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп қадап айтқан-ды.
Қасиетті Сыр елінде – Жаңақорған ауданынан 40 шақырымдай қашықтықта «Тотықұс» деп аталып кеткен жерде «Хорасан ата» кесенесі орналасқан. Хорасан ата – тарихтан белгілі Әбдіжалил баптың лақап аты. Пайғамбар ұрпағы саналады, данышпан, емші, ақылгөй кісі болған. Осы Хорасан атаның өзге киелі жерлерден ерекшелігі – мұнда Меккедегі Қағбаның көшірмесі бар.
Меккедегі Қағбаның көшірмесі бұл жерге қашан және қалай тұрғызылған?
Бұл жөнінде тарихта нақты дерек жоқ. Ертеректе Хорасан атаның ұрпақтары салған деген ел аузында аңыз ғана бар. Осы сұрақты біз белгілі тарихшы, шежіреші Сейітомар Саттарұлына қойғанымызда, ол былай деді: «Біздің қолымыздағы шежірелер бойынша Әбдіжалил бап (Хорасан ата) VII ғасырда ислам аша келіп, Сырдың жағасындағы «Оғыз қыратында» шахид болған. Осынау ұлық атаның мазарының күнбатыс бетінде тұрған «Қағбаның» сұлбасына шабуылды бастап кеттік. Бұл Қағбаның көшірмесі біз есімізді білгенде бар болатын. Яғни, 1950 жылдан құлағымызда. Арғы жағында қаншама саясат ауысты, қаншама заман озды, қаншама патша, билік ауысты, бірақ бұл жәдігер сол ежелгі қойылған орнында тұрған дүние. «Бұл жәдігерді бұзып тастау керек» деген әңгіме бір белгісіз әйелдің «Хорасан атаға барған адам Қағбаға тәуеп еткендей қажы болады» деген сөзінен шыққан. Бірақ осы маңда осында келіп қажы атанған кімдер бар деп ешкім сұрамаған. Хорасан атаға жылына мыңдаған адам келіп-кетеді. Барлығы да Қағбаның сұлбасын көреді. Бірақ ешкім осыдан қажы атанбайды. Атанған да емес. Себебі, бұл Қағба емес, Қағбаның сұлбасы ғана. Осы күні шын Қағбаның суреті салынған қаншама жапсырма қағаз, плакаттар бар. Алла сақтасын, соның барлығын Қағба етіп жіберу қаупі төніп тұрған жоқ па? Неге барлығымыз бір шетте өзінше тұрған төрт бұрышты үйге қадалып қалдық?
Әбдіжалил бап Орта Азияға хижраның 150-жылы келген дейді. Бұл шамамен 772 – 774 жылдар. «Тоты құс» аралындағы қағбаның сұлбасы-суреті, көшірмесі Әбдіжалил баптың көзі тірісінде салынған. Бүкіл түркі әлеміне әйгілі Құл қожа Ахмет Яссауидің өзі Хорасан атаға барып зиярат еткен. Бірақ осы ұлық зат та қарсы болмаған секілді. Себебі, бір адам қарсы болса әлдеқашан қиратып, орнын тегістеп жіберуі керек еді ғой. Қарсылық болған жағдайда 12 ғасыр өмір сүрмеген болар еді.
Енді осы жазылып, айтылып жүрген қағбаның сұлбасына қарай ауыссақ. Ауыз әдебиеті бізді алыс VII ғасырға алып кетеді. Аңыз бойынша (Хорасан ата) Әбдіжалил бап атамыз күнде таңертеңгі екі бас парыз намазын Меккеге барып оқып келеді екен. Хорасан атаның ұлы Хусеин бап «Ата, сіз күніге Мекеге барып келе бересіз бе, онан да Меккені осында алып келсек қайтеді?» дейді. Хорасан ата рұқсат бермейді. Күндердің бір күнінде Хусеин бап әкесіне: «Ата, далаға шығып бір қараңызшы» деп өтінеді. Хорасан ата сыртқа шықса, бұлт үстінде тұрған Қағбаны көреді. «Көлеңкесін сызып ал да, тез орнына жібер» деп бұйырыпты әкесі. Бұл ислам тарихы мен пәлсапасындағы Ибраһим пайғамбардың басынан өткен тарихқа ұқсайды.
Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға Меккеде Қағба үйін Байтул Мамурды салуға бұйрық бергенде, Ибраһим пайғамбар: «Е, Раббым, мен Қағбаның қандай екенін білмеймін ғой» дегенде, бұлт арасынан Қағбаның сұлбасы көрінген. Ибраһим пайғамбар сұлбаның сыртқы пішімін сызып алып, сол сызықтың үстіне Қағбаны тұрғызған. Қазіргі барлық мұсылман барып жүрген Қағба, Құбыламыз – сол Ибраһим пайғамбар тұрғызған жай. Бұл жерде Хусеин ибн Әбдіжалил бап бабамыздың әулиелік мақамнан хабары, несібесі барма еді? деген сауал келеді. Біріншіден, қазір Хорасан атаның маңындағы Қағбаның сұлбасына зер салып қарау керек секілді. Хусеин бап – Орта азия деп аталып жүрген Түркілер елінде, Сырдарияның орта ағысында дүниеге келген адам. Егер өмірінде Қағбаны бір рет көрмеген адам болса, Қағбаның төрт бұрышты, текше екенін қайдан білді? Ол заманда елдің баспанасының дәл қандай пішінде болғанын ешкім тап басып айта алмайды. Демек, төрт бұрыш текше екенін көрген адам ғана қазіргі қағбаның сұлбасын салуы мүмкін. Болмаса енінен, көлденеңінен бір жерін бүлдіруі кәдік емес.
Екіншіден, қазіргі қағбаның сұлбасына зер салған адам сұлбаның төрінің Құбылаға қарап тұрғанын аңғарады. Бұл да жай көзбен шешілетін жағдай емес. Демек, Хусеин бабамызда әулиелік мақамнан бір несібенің болғандығы. «Әулиенің кереметі не?» деген сұрауға ғалымдар, «Әулиенің кереметі дегеніміз – Тағадат ибадатпен Аллаға жақын болған адамның Алланың құзырында тілегі қабыл болуы» деп айтады.
Хусеин бап Әбдіжалил баптың ұлы болғандықтан, ең кемі он екі ғасыр бұрын өмірден өткен адам. Олай болса, сол он екі ғасырдан бері ешкім қағбаның сұлбасын көрген жоқ деп айта алмаймыз. Бізден бұрын өткен әзіздер,Түркістан мүлкінің Шайх-машайхы Құл қожа Ахмед Яссауи бабамыз «Қағба махаллаңды алдыңда көрдім» деп отырғанда, оның қасында біз кімбіз? Сондай ұлықтар істемеген істі істеп, екі бетіміз қап-қара болып қалмай ма?
XII ғасырда өмір сүрген ғалым Хакім Термези «Әулиенің жатқан жерінде Алланың нұры болады, Нұр бар жерде береке болады. Бірақ Әулиенің әулиелігін жоққа шығару зұлымның көңілінде болады» деген екен. Осы күндері Түркі елдерінен ағылып қысы- жазы келіп жатқан халайықтың көңіліндегі Алланың салған нұры мен Хорасан атаның сағанасынан шашырап тұрған нұрдың бір – біріне қосылғысы келіп ұмтылуы болар дегім келеді». Міне, белгілі тарихшы, шежіреші Сейітомар Саттарұлының бізге айтқаны.
1995 жылы Жаңақорған ауданында Хорасан атаның өмірден өткенінің 1100 жыл толуы кеңінен аталып өткен. Ғұламаның ұрпақтары жиналып, кесенені қайта жаңғыртқан. Жанындағы Қағбаның сұлбасы да жөнделіп, ретке келтірілген. Кесенеде суының емдік қасиеті бар құдық та бар. Дертке шалдыққан адамдар арнайы ниет етіп, суын ішіп кетеді. Тіпті қасиетті сумен жуыну үшін, арнайы орындар әзірленіп қойылған. Намазхана да бар. Күннің ыстығына қарамастан, қазіргідей шіліңгір шілде айында да Хорасан бап рухына Құран бағыштап, тілек тілеуге келгендердің қатары сетінеген емес. Әрине, оның ішінде кесене қасында орналасқан Қағбаның көшірмесі де көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны анық. Бұл зират «аймаққа ислам дінін жайған Әбжәлил баптың Құдайға сыйынған жері» деп саналады. Кей зиярат етушілер бұл жерге «Қағба көшірмесін» көруге ғана келсе, кейбір адамдар оны жеті рет айналып, Меккедегідей қажылық ғұрыптарын да орындайтын көрінеді. Әрине, бұл – үлкен адасушылық. Бұл жерді ешқашан «Екінші Қағба» деп атауға мүлде болмайды. Молдалар Қағбаға ұқсайтын ескерткіштің түр-сипатын өзгертуді Әбжәлил баптың ұрпақтары мен жергілікті халыққа бірнеше рет ұсыныпты да. Алайда жергілікті халық ескіден келе жатқан орынды өзгертпеуді, қаз-қалпында қалдыруды сұраған.
Жер жүзінде «Мұсылмандар неге Қағбаға табынады?», «Олардың Қара тасқа құлшылық жасайтыны рас па?» деген алып-қашпа әңгімелер аз айтылмайды. Жауап біреу ғана: мұсылмандардың ешбірі де Қағбаға немесе Қара тасқа табынбайды. Мұндағы Қара тас айналымның қай тұстан басталу керек екендігін ғана көрсетіп тұр. Басқа ешқандай мақсаты жоқ. Қағба – намаз бағытын көрсетуші ғана.
Әрине, жер бетінде Мекке секілді құрметтелетін қала, Қағба секілді қадірлі ғимарат жоғы аян. Жиырма төрт сағат бойы мыңдаған адамдардың Қағбаны тынымсыз айналып жататындығы бұл сөзімізді айқындай алады. Қағба – жер жүзіндегі барлық мұсылмандардың құбыласы. Қағба – қара жердің кіндігі, әл-Харам мешітінің жүрегі. Қағба – қара мата жамылған төрт бұрышты ғимарат қана емес, тұла бойы тарих тұнған қасиетті орын. Қасиетті орын болса да, Қара тасты сүю парыз емес. Тек Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар сүйгені үшін ғана сүннет саналады. Қара тасты қалайда сүюге тиіспін деп, басқа мұсылманды қағып-соғып, зәбір-жапа көрсетуге болмайды. Онда сауап жиямын деп жүріп, қайта күнә жамап алуың бек мүмкін. Тірі мұсылманның құқы жансыз Қағбадан жоғары. Міне, шынайы мұсылмандар Меккедегі Қағбаға қаншалықты құрметпен қараса да, оған табынған емес және қара тастан жәрдем сұраған емес.
Қазақ даласындағы Қағбаның көшірмесі Меккедегі шын Қағбамен салыстыруға да келмейді. Десек те, біз құрметпен қарауға тиіспіз, өйткені онда да бабалардың тұнған тарихы жатыр. Тарих қашан да құрметтелуі тиіс. Біз сөз еткен орын да қазақ даласындағы тылсымға толы киелі мекеннің бірі. Мұндай ғажаптарды бұзып тастағаннан гөрі, сақтап қалған абзал. Онсыз да уақыт әсерінен жойылып бара жатқан көне ескерткіштерді адам қолымен жойғаннан зияннан басқа табарымыз жоқ.
Төреғали ТӘШЕН
"Айқын" газеті