Қытайдағы үлкен музыкалық жобаларда қазақ әнін әуелете шырқап жүрген қандасымыз Арай Айдархан Fujian TV «Sounds of Nature» ұлттық әндер музыкалық реалти-шоуында қытай тіліне аударылған өз әнін орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл кезеңде Арай қазақтың атадан алатын тәрбиесін, қазақтың үлкенді құрметтейтін дәстүрін суреттейтін «Атамның ақылы»(爷爷常说) әнін шырқады. Сонымен қатар,оның қазақтың ұлттық музыка аспабы домбырада ойнап, жетігеннің сүйемелдеуінде орындаған қазақи әуені қытайлық көрермендердің назарын аударды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Арай жобада «Самалтау» және «Әже» әндерімен көрермендерді ерекше толқытқан. Сондай-ақ, қазақстандық музыкант Руслан Караның жетекшілігімен, ежелгі қазақтардың шамандық белгілерін бейнелейтін «Жауын шақыру әнін» орындады.
Айта кетейік, Арай Айдархан - Хунан телеарнасының «Singer 2017» байқауында өнер көрсетіп әлем жұртшылығына танымал болған Димаш Құдайбергеннің музыкалық продюсері. Бұл күнде Димаш пен қандасымыз Арай Айдархан қазақ музыкасының қытайда барынша танымал болуына айрықша септігін тигізуде.