30 қыр, 2020 сағат 14:23

Қайрат Омаров Қазақстанның Австриядағы Елшісі болып тағайындалды

Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қайрат Ермекұлы Омаров Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметінен босатылды», - делінген Ақорда ақпаратында.

Қайрат Ермекұлы Омаров 1963 жылғы 12 қаңтарда Фергана қаласында туған (Өзбекстан). 1985 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтын ағылшын және француз тілдерін мұғалімі мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1987 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтында оқытушы ретінде бастаған. Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, этнография және археология институтының ғылыми қызметкері, ҚР Жазушылар одағы жанындағы көркем аударма жөніндегі бас редколлегияның ағылшын тілінен аудармаларының бас редакторы болған.

Дипломатиялық қызметін 1992 жылы ҚР СІМ Паспорт-виза бөлімінің екінші хатшысы қызметінен бастады. Содан кейін Еуропа және Америка елдері басқармасының бірінші хатшысы, сондай-ақ Америка басқармасы Еуропа және Америка бөлімінің меңгерушісі болды. 1994 жылы Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігіне бірінші хатшы ретінде жіберіліп, онда кеңесшіге дейін көтерілді.

1996-1998 жылдары Басқарма басшысы, кейін Еуропа департаменті директорының орынбасары болды. 1998-2003 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне кеңесші-уәкіл ретінде қайта жіберілді. 2004 жылы ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарған. 2004 жылғы сәуір-тамыз аралығында Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы болды.

2004-2009 жылдары Қазақстанның Үндістандағы және Шри-Ланкадағы қоса атқарушы Елшісі болды. 2009-2013 жылдары Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. 2013 жылдан 2017 жылға дейін - Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі.

Қазақстанның Аустриядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2017 жылдан бастап Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі ретінде жұмыс істеді.

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын және француз тілдерін меңгерген.