27 мам, 2022 сағат 16:19

"Қайнайды қаның". Нұрлан Албан сахнада ұятқа қалған әншілерді сынады


Күні кеше әлеуметтік желіде "Ирина Кайратовна" тобының мүшелері мен Shiza лақап атымен белгілі әнші Асхат Жолшиев сынға қалған еді. Танымал өнер адамдары да әншілердің бұл әрекетіне қатысты пікір білдіріп жатыр. Әнші Нұрлан Албан Желідегі парақшасында топтың әрекетін сынға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның концерті өткен болатын. Кейінірек Желі қолданушылары "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің сахнадағы әрекетін сынады. Әншілер сахнада боғауыз сөз де айтып кеткен. Ал әнші Асхат Жолшиев Қазақстанның туын адамдарға лақтырып жіберген.  

"Дәл қазір миыма қан құйылайын деп отыр. Жалғыз менің қаным емес. Есі бар, бала тәрбиелеп отырған әрбір қазақтың шаңырағындағы ата-ананың, менен үлкен өнерде, басқа да қызмет саласында жүрген пенденің қаны қарайып отырғаны бәрімізге бесенеден белгілі. (...) Олардың не деп айтқанын айтуға аузым бармайды. Бала тәрбиелеп отырып, сол баланы қайтсем қазақыландырамыз, қайтсек соған ұлттық рухты сіңіреміз, қайтсек соның тәрбиесімен айналысамыз деп жатқанда, олардың көрсетіп жатқан үлесі мынау ма?! Үлгісі осы ма?!

...Мынаған тоқтау салатын құзырлы органдардан, жоғары шенді шенеуніктерден, министрліктен адам бар ма? (...) Тіпті қолына микрофон бермей, сахнаға жолатпайтындай жасау керек. Мынаған не дейсіздер? Жауап беретін адам бар ма, ағайын? ...Шарасыз күйде күн кешіп отырмыз ", - деді әнші жазбасында.