Мемлекеттік қызметші декларацияны толтыру кезінде қате жіберген болса, не істеуге болады? Бұл декларацияны қайтадан толтыру керек пе және қате декларациямен не істеу керек? Бұл сұраққа ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуіне байланысты мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) биылғы жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынуы тиіс.
Алайда, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда қате немесе толық емес мәліметтер толтырылса, мұндай декларацияны қосымша декларациямен түзетуге болатынын барлық жеке тұлғалар біле бермейді.
Егер бастапқы декларацияда активтер мен міндеттемелерді көрсетуді ұмытып қалсаңыз немесе толық көрсетпесеңіз, онда қосымша декларация ұсынуға болады.
Қосымша декларация – осы өзгерістер немесе толықтырулар қатысты болатын салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған декларацияға өзгерістер немесе толықтырулар енгізілген кезде ұсынылатын декларация.
Қосымша декларацияда:
1) сомалары өзгертілген кезде – салықтық кезеңдегі бұрын ұсынылған декларацияда көрсетілген сома мен іс жүзіндегі салықтық міндеттеме арасындағы айырма;
2) қалған деректер өзгертілген кезде, жаңа мән тиісті жолдар бойынша көрсетіледі.
Егер декларацияда міндетті деректемелер дұрыс көрсетілмесе немесе мүлдем көрсетілмесе, оны кері қайтарып алуға болады.
Салықтық есептілікті керi қайтарып алу мынадай әдiстердiң бірiмен жүргізіледі:
1) жою әдiсiмен, бұл ретте керi қайтарылатын салықтық есептілік жойылады;
2) өзгерту әдiсiмен, бұл ретте бұрын ұсынылған салықтық есептілікке салық төлеушi мәлiмдеген өзгерістер немесе түзетулер енгiзiледі.
Жою әдісімен қате ұсынылған декларацияны (табыс ету бойынша міндеттемелер жоқ), сондай-ақ егер:
- декларация нысаны белгіленген нысанға сәйкес келмесе;
- декларацияда салық органының коды немесе салық кезеңі көрсетілмеген; активтер мен міндеттемелер туралы декларация жасалатын күні көрсетілмеген немесе салық есептілігінің түрі көрсетілмеген жағдайда табыс етілмеген деп саналатын декларацияны кері қайтарып алуға болады.
Мысалы, кейбір мемлекеттік қызметшілер 2021 жылы қате түрде 230.00 нысаны бойынша декларация ұсынды. Биылғы жылы мұндай декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме болмағандықтан, оны жою әдісімен кері қайтарып алу қажет.
Егер декларацияны тапсыруға міндетті болмаса, жою әдісімен кері қайтарып алғаннан кейін дұрыс декларацияны қайта тапсыру қажет.
Сондай-ақ валюта коды көрсетілмесе немесе дұрыс көрсетілмесе, салық органының коды, салық кезеңі немесе салық есептілігінің түрі дұрыс көрсетілмесе, декларацияны өзгерту әдісімен кері қайтарып алу жүргізіледі.
Қате декларацияны кері қайтарып алу үшін салық органына өзінің тіркеу есебінің орны бойынша өтініш беру қажет.
Салық органының коды дұрыс көрсетілмесе, салық есептілігін өзгерту әдісімен кері қайтарып алу үшін өтініш осы декларация тапсырылған салық органына табыс етіледі.
Декларацияны кері қайтарып алу туралы мәліметтерді «e-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасының «Электрондық сервистерінен» көруге болады. «E-Salyq Azamat» тегін мобильдік қосымшасын «App Store» немесе «Play Market»-тен жүктеуге болады.
Жыл басынан бері 269 510 адам өз мүлкін декларациялап үлгергенін атап өткен жөн. Декларацияларын тапсырып үлгергендердің ішінен 171 682 адам «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын пайдаланған.
Еске сала кетейік, 2021 жылы елімізде жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңі басталды.
Салық кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды төрт кезеңмен жүзеге асыру қарастырылған.
Бірінші кезеңде (2021 жылғы 1 қаңтардан бастап):
- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары);
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табыс ету міндеті жүктелген адамдар декларация тапсыруға міндетті.