14 там, 2020 сағат 20:03

"Қатаң карантин кезінде салынған кейбір талаптардың сақталуын құптаймын" - Берік Омаров

Кеше ғана ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілген еді.

Жиын барысында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, шектеу шараларын жеңілдету жөніндегі ұсыныстар, өңірлер мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметті қайта бастауға дайындығы туралы Денсаулық сақтау министрі мен бірқатар облыс басшылары, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы баяндама жасаған болатын.

Қазақстанда карантин шаралары күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтандырылып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендеген. Вирусты жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 0,5%-ға дейін азайcа, сауығып шыққан адамдар саны 76%-ға жетіп, репродуктивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеген.


Осы орайда, Ұлт порталы шектеу шараларын жеңілдетуге байланысты өнер адамдарының ой-пікірін білген еді.

«Әр қазақ - менің жалғызым» дейтін азаматтың бірі болғандықтан, елдің басына түскен қайғылы жайттар қабырғамызды қайыстырды. 

Ат төбеліндей қазағым әлем халқы секілді емі жоқ дерттің құрбаны болып, азайғаны жаныма батады, әрине.

Сондықтан қатаң карантин кезінде салынған кейбір талаптардың әлі де сақталуын құптаймын.

Концерттік, спорттық, мерейтойлық жиындарды болдырмай, маскамен жүру, ара-қашықтықты сақтау қатаң қадағаланса. Заңға бағынбаған жандарға айыппұл салғанына да қарсы емеспін, бірақ айыппұл ең төменгі айлық көрсеткішінің 30% немесе 50% құраса (жеке тұлғаларға). 

Алла «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Асылы, әр қазақстандық бала-шағасы, ағайын-туысы үшін, ұлтты аман сақтап қалуы үшін карантин талаптарына биылғы жылдың соңына дейін шыдап шығуы керек деп ойлаймын- дейді Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония солисі, Мәдениет саласының үздігі Берік Омаров.

Еске сала кетейік, елімізде шілде айының ортасында екі аптаға созылатын карантин енгізілген болатын. 29 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған еді.